Алматыда көше бойына орнатылған самокаттар ұрланып жатыр
Самокат үшін сотталудан да қорықпайды. Алматыда бір ай бұрын ғана көше бойына орнатылған самокаттар ұрланып жатыр. Аз ғана уақытта ұрлықшылар 20-сын үптеп үлгерген. Алайда дабыл құрылғысының арқасында қулығы іске аспағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалауда.
Автор: Салтанат Шырынхан
21.04.2021
Көше бойында тұрған муниципалды велосипедтерді де қалай болса солай мінгендердің кесірінен мыңнан астамы бұзылып тұр екен.
Ұрылардың көз тіккені – самокаттар. Халықтың қолдануы үшін көше бойы орнатылғанына бір ай ғана болды. Тізіліп тұрған бұлардың бір минут тебуінің құны - 50 теңге. Жалға алу онлайн қосымша арқылы жүргізіледі. Осылайша бағасын қымбатсынып, қарауы жоқ деп қабылдағандар оны қолды қылуға көшкен. Алайда самокаттарға орнатылған дабыл құрылғысының арқасында барлығы да тұтылып жатыр.
Максим Заикин, Eleven компаниясының қызметкері:
- Біз бұл жобаны іске қосқанда барлығына дайын болдық. Егер қандай да бір жымысқы әрекеттің жүзеге асуы байқалса, дабыл бірден диспетчердің пультіне келіп түседі. Небәрі 30 минуттың ішінде ұрының ізіне түсе аламыз. Осылайша әлі бірде-бірі жоғалмады.
Осыдан екі апта бұрын самокат ұрлап қашқан бір азамат дабылдың дауысын өшіру үшін құрылғыны қала сыртына апарып бөлшектеп тастапты. Осылайша мемлекеттің миллиондарына қойылған бұл самокаттар ғана емес, бірнеше жылдан бері көше бойындағы велосипедтер де жылда ұрланады. Ұрланғанымен қоса, бұзып тастайтындар көп екен.
Елена Пак, Almaty Bike жобасының менеджері:
- Биыл 1000 велосипедке күрделі жөндеу жүргізілгелі жатыр. Қазір қалада қолданыста 300-ге жуығы ғана тұр. Соңғы жылы тұрақта тұрған 18 велосипедті қолданушылар мүлдем жарамсыз жағдайға жеткізді. Ал механиктеріміз бұзған, сымдарын үзіп тастағандарды күн сайын жөндеп отырады. Бұдан бөлек, 18 велосипед жол көлік апатынан қирап қалған.
Біреуінің бағасы 400 мың теңге тұратын велосипедтердің қалада 1680 данасы бар. Жоба менеджерінің айтуынша, қазір қатары артқан жеткізу қызметі де осы көлік құралын қолданады. Қазір полиция департаментіндегілер самокат пен велосипед ұрлайтындарға қатысты жаза қатаңдатылғанын атап өтті.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Жыл басынан бері Алматы полициясына самокат ұрлығы бойынша екі азамат шағым түсірген. Бұл жалпы бөтеннің мүлкін ұрлау болып табылады. Қылмыстық кодекстің 188 -бабымен сараланады. Яғни бұл әрекет – қылмыс. Сондықтан бұл әрекетке барған адам қылмыстық кодекстің нормалары бойынша жауапқа тартылады.
Жалпы көше бойында тұратын самокат пен велосипедтерді ұялы телефондағы арнайы қосымшадағы QR кодтың көмегімен жалға алуға болады. Егер өз бетінше орнынан жылжытуға, ұрлап әкетуге әрекет жасалса, бірден дабыл қағылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!