«Бұрғылау» қызметкерлері бір сағатқа жұмысын тоқтатты – Жаңаөзен
Жаңаөзендегі «Бұрғылау» мекемесінің 250 қызметкері бүгін бір сағатқа жұмысын тоқтатты. Мұнайшылар үш күннен бері ереуілде тұрған «Фиркрофт» серіктестігіндегі әріптестеріне қолдау білдіріпті.
Автор: Айман Нұрмағанбет
21.04.2021
Мұнай ұңғымаларын бұрғылаумен айналысатын мекемеде жалпы саны 500–ден аса адам жұмыс істейді. Олар екіге бөлініп екі ауысыммен еңбек етеді. Бүгін олардың 250-і әріптестерін қолдау мақсатында бір сағатқа жұмысын тоқтатты. Ертең де қалған жартысы аталмыш акцияға үлес қосатынын айтады.
«Фиркрофт» серіктестігінің 100-ге жуық жұмысшысы үш күннен бері жұмысқа шықпай отыр. Олар жалақыны екі есе көбейтуді немесе айлығы жоғары мекемеге ауыстыруды талап етуде. Ереуілшілердің мәселесін шешуге әкімдік пен серіктестік арасында келіссөз жүріп жатыр.
Әсия Ғинаятова, Жаңаөзен қаласы əкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Жаңаөзен қаласының әкімдігі мен «Фиркрофт» ЖШС қызметкерлерінің еңбек жалақысы «Бұрғылау» мекемесінің тұрақты жұмысшыларын теңестіру дауына қатысты бірнеше жиналыс өткізілді. 1-мамырдан бастап лауазымы, санаты ұқсас талаптарға сәйкес қызметкерлердің еңбекақысын теңестіру мәселесі пысықталып, оң шешімін табатынын айтты. Ал санаты сәйкес келмейтін қызметкерлердікі өзгермейтінін айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!