Былық: Дәрігерлерге алынған 90 млн-ның қорғаныс киімі жарамсыз болып шаң басып жатыр
Қорғаныш киімдері Алматыда әлі де жетіспейді. Былтыр 90 миллион теңгеге ауру ошағында дәрігерлер киетін 12 мың костюм сатып алынған екен. Алайда тексерген кезде медицина қызметкерлеріне деп алынған киім құрылысшылардікі болып шығып, бір жылдан бері қоймада шаң басып жатыр.
Автор: Аруна Ортай
21.04.2021
Ал қазына қаржысын мақсатсыз жұмсағанын осы салаға жауапты басшылардың біреуі де мойындағысы жоқ. Сорақысы сол, талапқа сай келмейтін қорғаныш киімдерінің тең жартысы аурумен күресіп жүрген дәрігерлерге таратылып та қойған.
Бюжджеттің пандемияға деп бөлінген бақандай 90 миллион теңгесі қоймада шаң басып жатыр. Атап айтқанда, осыншама қыруар қаржыға індет ошағында жүрген дәрігерлерге деп 12 мың қорғаныш киімін сатып алған. Алайда арада бір жыл өткен соң ғана бұл костюмдердің құрылысшылардікі екендігі анықталып отыр.
- Үрлеңіз, су құйыңыз, бәрін өткізіп жатыр! Бұл вирус өткізбеуге тиіс. Көрдіңіз бе? Тесіктері бар! Сол себепті бұл тек шаң-тозаңнан, кірден, бояудан ғана қорғайды, өйткені бұл қорғаныс киімі құрылысшыларға арналған.
Бұрынғы бас санитардың бұл былығын қазіргі басшы Жандарбек Бекшин құзырлы органдарға жариялауға мәжбүр болғанын айтады. Өйткені киім тапшылығын түсіндіруге тиіс болған. Коронавирус таяқшасы түгілі, ауа да өткізбейді деген костюмдерден су сорғалап жатыр. Көзілдірік шұрық-тесік. Бұл киімдер былтыр мамыр айында мемлекеттік тапсырыспен алынған. Ал ол кезде Алматының бас санитары міндетін қазіргі санитария-эпидемиология қадағалау департаменті жетекшісінің орынбасары Әсел Қалықова атқарған. Алайда шенеунік Жандарбек Бекшиннің өзіне жала жауып отырғанын айтады.
- Түсінбеймін, менің қандай қатысым бар? Сертификат болған. Сертификаттар жоқ дейді! Мемлекеттік сатып алуда сертификаттары болған! Менің көзімше қабылданып алынбаған, солар қабылдап алған.
Сатып алынған 12 мың дана костюмнің қазір қоймада 7 мыңы ғана жатыр. Қалғаны дәрігерлерге таратылған.
Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиология қадағалау департаменті басшысының орынбасары:
- Бір бөлігі аудандарда. Баяғыда таратылған. Жартысын тараттыңдар ма? Әрине!
Тіпті әрі қарай да қолдана беруге болады деп отыр.
- Неге киюге болмайды? Қазір белгілері жоқ жоқ науқасқа барса, неге болмайды? Бұны вирус ошақтары үшін алды емес пе?! Жандарбек Мұхтарұлы, егер қазір олар, кейбір дәрігерлер, ошақтарға жай халатпен барып жүрсе, неге киюге болмайды?
Қазір іспен жемқорлыққа қарсы күрес қызметі айналысып жатыр. Тапсырыс бергендер мен құрылыстың киімін әкеле салғандардың әрекетін енді солар әшкерелеуі тиіс.
Рафаэль Гасанов, Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жанындағы арнайы тексеру тобы төрағасының орынбасары:
- Талапқа сай келмейтін қорғаныш киімдерін сатып алған тарап жауапқа тартылуы тиіс. Осы іске қатысы барлардың барлығы сұралуы керек. Атап айтқанда бас есепші мен Қалықова жауап беруі керек деп есептейміз.
Дәрігерлерге құрылысшылардың киімін сатқан – SDT-Partners, «Аль-медиа групп» компиялары. Оларға қатысты да тексеріс жүріп жатыр. Ал тесік киіммен індет ошағына барып ауру жұқтырған дәрігерлердің бар-жоғы да анықталады. Бұл жағдайда кінәлілер қылмыстық жаза арқалайды. Әзірге алматылық санитарлар Шымкент пен Нұр-Сұлтан қаласынан келген киімдерді киіп жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!