Қордайдағы қақтығыста бүлінген үйлер мен ғимараттар қалпына толық келтіріліпті
Шығын орны өтелді. Былтыр Қордайда болған қақтығыста өртенген үйлер, бүлінген ғимараттар толық қалпына келтірілді. Жергілікті атқамінерлер атқарылған жұмысты жіпке тізіп, журналистерді Масаншы ауылына арнайы шақырды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.04.2021
Шоғырланған дүнген жігіттері әскерге бармайды деген әңгіме бұрыннан бар. Билік бұл олқылықты да түзепті. Биыл олардың қатарынан әскер сапына қосылғандар бірден 30 пайызға артқан.
Қақтығыста қираған Масаншы мен Ауқатты ауылдарының бүгінгі жайы қалай?
Масаншыда қазір мамыражай тіршілік. Түтінін түзу түтеткен ауыл тұрғындарына былтыр қыстағы қақтығыс көрген түстей көз алдында көлбеңдейді. Орталық көшедегі отқа оранған ғимараттар танымастай қалпына келтірілген.
Түгі қалмай, тек ғимаратының күлімен қалған кәсіпкерлердің бірі – Рабия Дженлирова. Он бірдей дүкені өртенген. Үкімет өзегінен теппей демеп, шығынның жартысынан көбін өтепті.
Рабия Дженлирова, кәсіпкер:
- Бізге мемлекет көмектесті. Құрылыс материалдарынан бөлек, ақша да берді. Тәуелсіз бағалаушылар дүкендердің шығынын есептеп кетті. Қазір жұмысқа алаңсыз кірістік.
Масаншы, Ауқатты ауылдарында бүлінген 54 үй, 13 кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіруге 213 млн теңге бюджеттің де, демеушілердің де қалтасынан жұмсалған. Дүрмектің әсерімен дүниесін түгендеп алғандары да бар. Онсыз да күйі кетіп тұрған баспанасы өртенгесін, жаңадан кірпішін қалап алғандардың көңілі көтеріңкі. Былтыр салы суға кетіп, қайттім деген Юсуф Паровтың бұл жөндеуге дейін түрі. Қазір жадыраған азамат жаңарған үйін таныстырып жүр.
Юсуф Паров, Масаншы ауылының тұрғыны:
- Қанша ақша кеткенін санамадым. Демеушілердің берген ақшасына жөндеп шықтық. Бірнеше миллион теңге кетті. Үйді толық қалпына келтірдім десе де болады. Көмектескен адамдарға алғысым шексіз!
Былтыр ауыл тұрғындары арасындағы кикілжің үлкен араздыққа ұласа жаздап тоқтағаны бәрінің жадында. Ақсақалдар қызу қанды жастарға тоқтау салып, ақылын айтты. Қорыққанда қырғыздарға жөңкіле көшкендер де кейін кері қайтты. Жараның беті ашылған соң біраз мәселе көтерілді. Соның бірі – дүңгендердің әскерге борышын өтеуге бармайтыны. Биыл ол олқылықтың да орны толыпты.
Рүстем Дәулет, Қордай ауданының әкімі:
- Біз өзге ұлт өкілдерінің әскерге бару мәселесін қарадық. Шын мәнінде бұрынғы жылдары кішкене, сіз айтқандай, төмендеу екен. Былтыр күзгі шақырылымда, биыл көктемгі шақырылымда 30 пайызға артып отыр.
Қорасы қоңсылас, малы аралас жатқан Ауқатты, Масаншыда ебін тапқан егін егеді. Одан қалды дәнді дақылдың жемісін күзде көреді. Жергілікті әкімдік: «Ауданда ауыл шаруашылыққа қажет техниканың 60 пайызы – жаңа» деп, аузын толтыра мақтанғанмен, ескі тракторлар ол статистиканың сүйкімін кетіріп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!