Елордада алғаш рет Әлеуметтік жобалар форумы өткізілді
Елордада алғаш рет Әлеуметтік жобалар форумы өтті. Әуелде сонау 2008 жылы Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі болып басталған шара биыл ауқымын одан әрі кеңейте түскен. Аталған жәрмеңке жылдағыдай жеңімпаздарды марапаттайтын шара ғана емес.
Автор: Ербол Тұрымбет
22.04.2021
Ол бүгінде мемлекеттің маңдайалды тұлғалары мен бизнес өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар бас қосып, өзара шешім табатын үлкен Форумға айналған. Ертең Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі болып жалғасатын игі бастамаға Нұрсұлтан Назарбаев қоры мұрындық болған.
Форум алғаш рет өтсе де, беделді тұлғаларды жинай білген. Қор директоры Дариға Назарбаевамен бірге мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов және басқалар бар. Жәрмеңкенің ауқымын ұлғайтудың себебі де бар. Кейде қоғамдық ұйымдардың тізімін табу, олардың немен айналысып жатқанын білу қиын. Өйткені ортақ база жоқ. Тіпті елімізде ҮЕҰ туралы заң тек 2015 жылы ғана қабылданған.
Дариға Назарбаева, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры:
- Қазақстанның үшінші секторы үнемі зерттеу мен зерделеуге мұқтаж. Оны бір жүйеге келтіріп, тәжірибесін молайту керек. Жан-жақты насихаттап, үздік тәжірибелерді бойына сіңдіре білу керек. Бұл орайда Әлеуметтік жобалар форумы тек мемлекет-бизнес-үкіметтік емес ұйымдар үштігінің ғана талқылау алаңы болып қалмау керек. Форумды сол үкіметтік емес ұйымдардың ішіндегі өзара қарым-қатынастың қызу ортасына айналдырса да болар еді.
Дегенмен форум қатысушыларының пікірінше, Қазақстанда қазірдің өзінде мемлекет – бизнес - қоғам үштігінің үндестігі қалыптасып қойған. Мәселен, Біріккен ұлттар ұйымы 2015 жылы қабылдаған тұрақты даму бағдарламасының шамамен үштен бірі экологияға қатысты десек, отандық компаниялар да сол талапты орындауға белсенді атсалысып келеді. Оның бәрі алдымен ауаның ластануын азайтудан басталары сөзсіз.
Серік Шахажанов, «Еуразиялық Топ» ЖШС (ERG) басқарма төрағасы:
- Топ акционерлері корпоративті экологиялық тұжырымдама бекітті. Оны жүзеге асыру арқылы алдағы бірер жылдықта ауаға қатты қалдықтарды шығару 80 пайызға дейін азайтылады. Қазіргі жетістіктерді айтсам, «Қазақстан алюминийі» кәсіпорнында ауаны ластайтын қалдықтар көлемі 99 пайызға тазарды. Ақтөбедегі, Ақсудағы ферроқорытпа зауыттарында да осындай нәтижелер бар.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры да әлеуметтік жобалармен етене жұмыс істейтін елдегі іргелі ұжымдардың бірі. Бір ғана ауыл тағдырына қатысты «Мың бала», аз қамтылған мектептердің базасын нығайту сынды жобаларды мысалға келтіруге болады. Форум қонақтары елдегі қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерін осындай жобаларға белсене атсалысуға шақырады. Ал ертең жиын қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданбақ.
Әлкей Марғұлан, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:
- Ертеңгі күннің соңында біз резолюция қабылдап үкіметке ұсынғалы отырмыз. Ол резолюцияның жүзеге асырылуын тікелей қордың директоры Дариға Нұрсұлтанқызы бақылауына алып отыр. Себебі, ол кісінің мақсаты – көптеген идеятордың, көптеген сарапшының пікірін біле отырып, негізгі, тұшымды ойларын Парламент арқылы заңдық дәрежеде көтеру.
Халықаралық ауқымды қамтыған форум бірнеше тақырыпқа бөлініп, секциялық форматта да ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың инфклюзивті білім алуы, инфестициялық қауіпсіздік, адам құқықтары биылғы Әлеуметтік жобалар форумы қозғаған өзекті тақырып болды. Екікүндік жиынның резолюциясы үкіметке және басқа да халықаралық ұйымдарға ұсынылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!