{metadescription}
Ақтөбеде қаңылтыр баспанада тұрып жатқандар ешқайда көшпеуге бекінді, себебі...
Ақтөбеде қаңылтыр баспанада тұрып жатқандар ешқайда көшпеуге бекінді, себебі...

Ақтөбеде қаңылтыр баспанада тұрып жатқандар ешқайда көшпеуге бекінді, себебі...

Ақтөбеде қаңылтыр вагоннан салынған жатахана тұрғындары шенеуніктер ұсынған өтемақыға ашынып отыр. Осындағы 24 отбасының әрқайсына үй алу үшін небәрі бір миллионнан сәл асатын ақша бермекші. Ол облыс орталығы тұрмақ, шалғай ауылдан баспана алуға жетпейді.

Шенеуніктер бөлмелердің құнын арнайы мамандар есептеп шығарғанын айтады. Бұл өтемақыдан бөлек, тұрғындардың бас-басына пәтер алып беруге мүмкіндік жоқ деп отыр.

Қаңылтырмен қапталған барак үйді осыдан 50 жыл бұрын геологтарға уақытша тұрақ ретінде салған екен. Жұмысшылардың бұл жатаханасын бір-екі жылдан соң сүріп тастау жоспарланыпты. Бірақ жарты ғасыр өтсе де, жатақхана әлі тұр. Қазір осында 24 отбасы тұрып жатыр.

Баспана деген аты болмаса, жатаханада адам тұрарлықтай жағдай жоқ. Тұрғындар қыста бүрсеңдеп, жазда кеш батқанша бөлмесінен безіп кетеді. Өйткені темір қаптама суықта сыз тартып, ыстықта қапырыққа айналады. Жазда желдеткіштің бөлмені салқындатуға күші жетпейді. Қаңылтыр вагон арасымен жүргізілген электр сым да ескірген. Әр бөлмеге ас әзірлеу үшін бір-бір баллоннан орнатып алыпты. Жақында өрт шығып, ыс тиген кейуана қайтыс болды.   

Әлия Елеусінова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Қорқамыз, кез келген уақытта жанып кетуі мүмкін. Бір кемпір плитканың сымы тұтанып, өртеніп кетті. Түн ішінде шырылдап қалдық. Ол кісі жан тапсырды. Сымнан тұйықталу бере ме деп бәріміз де қорқамыз. Баллон жарылса не болады? Бір баллон жарылса, 22 отбасын түгел алып кетеді.

Қаңылтыр вагоннан жасалған жатахана тұрғындары арызын айтып талай табалдырықты тоздырған. Енді шенеуніктер баспана орнына өтемақы ұсынып отыр. Бірақ әр отбасына небәрі миллиондай қаржы бермекші. Ол ақшаны үй алуға қалай жеткіземіз деп ашынады тұрғындар.

Гүлжаһан Енесқұлова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Оған ештеңе де тимейді. Далада қаламыз, үй келмейді. Ақша беретіндей жағдай болса, қырғын отбасы тұратын да тұрғын үй беру керек. Тұра алатындай үй. Ал олай болмады ма, үстіне ақшаны қоссын. Миллион үш жүз елу?! Қанша отбасы далада қалады.  

Аманжан Өмірбеков, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Бізге пәтер керек. Соның кілтін бермейінше, біз мына жақтан ешқайда кетпейміз. Біз мына миллионға түк ала алмаймыз.

Әкімдіктегілер арнайы мамандар бағалаған құннан арттық ақша бере алмайтынын айтады. Осындағы барлық отбасыны тегін баспанамен қамту мүмкін емес деп отыр.

Бағұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

- Ақша қосылмайды. Жаңағы қаржысын алады, ол бағаланған. Болмаса жалдамалы үйге кезекке тұрып рәсімдеп, жалдамалы үй қарастырылады.

Тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы пәтер алуға да қорқады. Себебі, басыбайлы берілген мүлік болмаған соң, ертеңгі күні меншіктей алмаймыз деп отыр. Оған дейін қауіпті болса да қаңылтыр баспанадан ешқайда көшпеуге бекінген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде