Мектептеріміз ерекшелігі бар балаларды оқытуға дайын ба?
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын арнайы бағдарламаны айтпағанда маман жоқ. Жас мұғалімдердің бұл салаға барғысы келмейді. Көптеген мектепте тіпті қарапайым пандус орнатылмаған.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
22.04.2021
Соның кесірінен жүріп-тұруы қиын болғанымен, ой-өрісі қатарынан кем емес 14 мыңнан аса бала үйде оқуға мәжбүр. Олқылықтардың орнын толтырады деген ендігі үміт жаңа заңда. Ерекшелігі – бар балаларды оқытуға қатысты құжатты Мәжіліс күні кеше ғана бекітті.
Толғанай 6-сыныпта оқиды. Тумысынан целебральды сал дертіне шалдыққан. Жүріп-тұруы қиын демесеңіз, ақыл-ойында кемшілік жоқ. Қарапайым мектепке барып жүргеніне екі жылдың жүзі болған. Бірақ арнайы тьюторлардың, яғни көмекшілердің болмауынан анасы сабағына бірге қатысады. Сыныбы мен мұғалімдері түсінікпен қарағанымен, техникалық мүмкіндік тапшы дейді анасы.
Гүлжан Қасымова:
- Осындай балаларға арналған пандустар болса, мүгедек арбалар қойып қойса. Мысалы асханаға апарып келгенге. Екінші қабатта оқимыз, асхана бірінші қабатта. Одан шығып жеткенше үзіліс бітеді. Тамағын жеп барғанша сабақ басталып кетеді. Сол үшін арнайы арбалар болса.
Бүгінде Қазақстанда 162 мыңдай бала ерекше білім беруді қажет етеді немесе елдегі барлық оқушының 2,7 пайызы инклюзивті білім алуға тиіс. Осы балалардың қарапайым ортада білім алуын қаматамасыз ететін заң жобасы қабылданғанымен, жағдай жоқ. Мектептердегі арнайы білім бағдарламасының жасақталмағанын айтпағанда, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін маман жоқ.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
- Заң қабылдаған ол өз алдына бөлек шаруа. Ең бастысы, біздің мектептер ерекшелігі бар балаларды оқытуға дайын ба? Өкінішке қарай ондай жағдай көбіне қарастырылмаған. Мәселен, көзі көрмейтін, не нашар көретін балаларға арналған оқулық жоқ. Құлағы естімейтін жеткіншектерді оқыта алатын арнайы тілді меңгерген мамандар да жоқ. Оған қоса ерекше балалар оқитын мектептердің ғимараты бір қабатты ғана болғаны дұрыс.
Қазір мектептердің басты мақсаты – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Себебі әр баланың өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, әрқайсысына жеке оқыту бағдарламасын мұғалім өзі жасақтауы тиіс. Білім министрлігінің айтуынша, ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеуге, оларға білім беруге көптеген маманның құлқы жоқ.
Ардақ Айтжанова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы:
- Бүгінде дефектолог мамандар жетіспейді әрі бұл мамандықты көбісі таңдай бермейді. Себебі, бұл өте қиын мамандық. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім бере алатын педагогтардың саны 9 мыңнан асады. Ол жеткіліксіз болғандықтан, басқа да мұғалімдердің біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Мысалы, былтыр 35 мыңнан асам қарапайым педагог біліктілігін арттырып инклюзивті білім бере алады.
Бүгінде Қазақстанда 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала үйден оқып жатыр. Бірақ мектепке баруға қабілетті. Яғни арнайы жабдықталған мектеп тапшы, маман жетіспейді. Бірақ соған қарамастан, білім министрлігі Қазақстандағы мектептердің 77 пайызы, яғни 5 мыңнан астам мектеп ерекше балаларды қабылдай алады деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!