Мопед тізгіндегендерге қатысты талап күшейтілді – Алматы
Дүйсенбіден бастап мопед тізгіндегендерге қатысты талап күшейтіледі. Соңғы уақытта бұл көлік түрінің қатысуымен жол апаты жиілеген. Енді қалада ойқастап жүретіндермен күреске қала басшысының өзі кірісті.
Автор: Салтанат Шырынхан
23.04.2021
Қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден асатын көлік құралы тіркелуі тиіс. Жүргізушісі басына дулыға киіп, бетперде тағуға да міндетті.
Қазір мопедпен тамақ таситын жүргізушілер көбейген. Карантин күшейтіліп, қоғамдық тамақтанатын орындар жабылғалы олардың қызметіне сұраныс та артты. Тапсырысты жедел жеткізуге тырысқандар жүйтки жөнеліп, жол ережесін елемей жүр. Пайдасы мен қоса зарбады да тигенін ескерген қала басшысы енді мопед мінгендерді қатаң қадағалауды тапсырды.
Бакытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Көлемі кіші мопед жүргізушілер ережені сақтаған жөн. Соңғы уақытта қайғылы жағдайлардан соң тексеріс жүргіздік. 50 текше сантиметрден асатын үлкен мопеді барлар оны тіркетуі керек. Байқағанымыздай, сағатына 100 км-ден асатын жылдамдықпен құжатсыз, нөмірсіз жүр. Енді заң бұзғандарға талап күшейеді.
Бір ай бұрын ғана мопед тізгіндеген курьер арбадағы үш айлық сәбиді қағып, қашып кеткен. Тағы бірі бағадаршамның қызыл түсіне өтіп, көлік астына түсіп қаза тапқан. Алайда мопед айдауда екі жылдық тәжірибесі бар Сәкен Жүсіпбеков әкімнің айтқанымен келіспейді. «Бірде-бір рет жол ережесін бұзған емеспін» деген ол, жеңіл көлік жүргізушілері өзіне жол бермей қысып, елегісі келмейді деп ашынды.
Сакен Жүсіпбеков, мопед жүргізушісі:
- Екі-үш адамның құқық бұзғанынына бола, өзге екі-үш мың адам неге зардап шегу керек? Менің ойымша, бас салып адамға қысым көрсетіп, не болмаса айыппұл салғаннан гөрі, алдын алу жұмысын жүргізген дұрыс. Қазір жөнімен жүрген жандар да өзгенін кесірінен күйіп кеткелі отыр.
Қазірдің өзінде арнайы айыппұл тұрағына 100-ге жуық мопед қойылған. Күн сайын екі-үштен толықтырылып тұрады екен. Меншігін растайтын құжаты болмаған соң, бес жылдан аса тұрғандары көп. Ал бұған қатысты сарапшы мопед тізгіндегендердің алдағы уақытта талапқа бағынып бағыт алғаны дұрыс деп есептейді.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобильдер одағының төрағасы:
- Мопед сатып алғандар көлік жүргізуді жақсы біледі. Алайда ешкім қадағаламаған соң ережені сақтамайды. Кесірі халыққа тиіп жатыр. Көз алдымызда тротуармен жүретіндер жиі кездеседі. Тәртіп пен заң бәріне ортақ болу керек.
Қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден асатындары тіркелуі тиіс. Мемемлекеттік нөмір алып, жүргізуші қуәлігінде арнайы санаты болуы қажет.
Жандос Мұратәлиев, Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Көшеде жол ережесін бұзған сәтте ғана тоқтатып, жауапқа тартылатынына байланысты екі айлық есептік көрсеткіш пен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Тек жол апатына түсіп, біреуге зиян келтіріп жатса немесе механикалық зиян келтірсе, онда айыппұл көлемін әкімшілік сот шешеді.
Қалада соңғы үш айда мопед жүргізушінің қатысуымен 18 жол апаты болды. Бір адам мерт болған. 140-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!