Шығынға батқан қызылордалық кәсіпкерлер қаулыдан қажыған
Қаулыдан қажыған кәсіпкерлер. Қызылордалық бір топ кәсіп иелері облыстың бас санитар дәрігеріне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, бүгіннен бастап қалалық демалыс саябағы жұмысын бастауы тиіс болған.
Автор: Мақсат Мәлік
23.04.2021
Алайда бас санитардың жаңа қаулысына сәйкес, орталықтың қызметін кейінге қалдырыпты. Енді жаңа маусымға әзірлік жүргіземін деп бармақ тістеп қалған кәсіпкерлер шығынын кімнен өтерін білмейді. Өйткені демалыс саябағы қызметіне қашан кірісетіні белгісіз.
Көктем келісімен дайындығын пысықтаған қызылордалық кәсіпкерлер бүгіннен бастап қызметке кірісуі тиіс еді. Алайда қаланың демалыс паркі құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Саябақ ішінде сейіл құрғандар көрінбейді. Ал пандемия кезінде кәсібі тұралағандарға болысқан орталық әкімшілігі жұмысты мезгілінен ерте бастауға уәде беріпті. Бірақ облыстағы бас санитардың жаңа қаулысы кәсіпкерлердің жоспарын күл-талқан еткен.
Сәуле Бөлегенова, кәсіпкер:
- 23-сәуірде ашыламыз деді. Кафе ғой, азық-түлігін алып қойдық. Оны 2-мамырда төлемесек, мойнымызға қарыз болады. Ескі базарлар, жаңа базарлар, сауда үйлері жұмыс істеп жатыр. Ал мынау ашық аймақ. Бізге неге рұқсат жоқ?
Гүлназ Қаршығақызы, кәсіпкер:
- Үкіметтен ақша сұрап отырған жоқпыз. Өз кәсібімізден тапқан ақшамызды адал ішіп жейміз. Шығын, тұнып тұрған шығын. Несие алдық, жаба алмадық. Банк бізг несиеңді төлемей-ақ қой деп айтпайды ғой. Табанымызға тас қойып тұрып алады. Үстеме ақысы ұрады, шотымызды жауып тастайды.
Кәсіпкерлердің айтуынша, демалыс аумағында қажетті орынды жалға алу құны да әр түрлі. 40 мыңнан басталатын төлем 400 мың теңге дейін жетеді. Ең қиыны, былтыр індет дендегенде жеңілдік қарастырған орталық әкімшілігі енді көмек жоқтығын ескерткен. Десе де келер күннен үміт күткендер бүгін салы суға кеткенін айтады. Ал облыстағы мамандар кәсіпкерлердің жанайқайын эпидемиологиялық ахуалдың ушығуымен байланыстырады. Өйткені «қызыл» аймаққа енгізілген өңірде соңғы күндері вирус жұқтырғандардың қарасы көбейген.
Динара Жаңабергенова, Қызылорда облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:
- Облыс денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, кешегі күннің өзінде 2 өлім тіркеліп отыр. Саябақ істей береді, бірақ ішіндегі балалар аттракционына рұқсат жоқ.
Мамандардың сөзінше, Қызылорда облысында індет жұқтырғандар 5 мыңнан асып кеткен. «Жыл басынан бері қатерлі індет 19 адамның өмірін жалмады» деген олар кәсіпкерлерге шыдам танытуға кеңес береді. Алайда былтырдан бері шығыннан көз ашпаған кәсіпкерлер қаулы қажытқанын айтады. Себебі, демалыс аумағының қайнаған тіршілігі қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!