{metadescription}
Жауапсыздық кесірінен КВИ басылмай тұр – 2894 адам вирус жұқтырды
Жауапсыздық кесірінен КВИ басылмай тұр – 2894 адам вирус жұқтырды

Жауапсыздық кесірінен КВИ басылмай тұр – 2894 адам вирус жұқтырды

Ауру асқынған шақта ауызашарға барған. Ақтөбеде жастар қалып, енді қалалық мәслихаттың депутаттары да шектеу шарасына шекесінен қарай бастады. Дәмханада отырған депутаттардың бұл әрекеті көпшіліктің ашуын туғызды.

Осындай жауапсыздық кесірінен елде вирус көрсеткіші күн сайын көбеймесе, кемімей тұр. Тек бір тәулікте коронавирус жұқтырғандардың саны тағы 2894 науқаспен толықты. Алматы тізім басында.

Ақтөбе облысында коронавирус індеті өршіп тұр тұр. «Қызыл» аймаққа кіргеніне тура жиырма күн болған бұл өңірде күніне 200-ден аса адам вирус жұқтырған. Аурухананың жартысынан көбі аталмыш дертпен ауырғандарға толған. Санитар мамандар апта сайын карантин талаптарын күшейтумен әлек.

Бүгін аймақтың бас санитар дәрігері жаңа қаулыны бекітті. Енді тек жексенбі күні ғана емес сенбіде де базар мен сауда орындары жабық тұрады. Ал мектептердің барлығында тек мемлекеттік емтихан тапсыратын 9, 11сынып оқушылары оқиды. Бұрын ауылдағы мектеп оқушыларына партаға отыруға рұқсат берген еді, енді оған да шектеу қойды. Дәмханадан бастап үйде де адам жинап ауызашар беруге рұқсат жоқ. Бірақ оны қарапайым тұрғындар тұрмақ, ақтөбелік депутаттар да пысқырмай отыр. Күні кеше қаланың  мәслихат хатшысы Анар Даржанова бастаған жергілікті халық қалаулылары мен іскер әйелдер қауымдастығы мүшелері кафедегі ауызашарда бас қосқан. Олардың бұл қылығына қатысты тексеру жүріп жатыр.

Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиялогия ақылау департаментінің басшысы:

- Ауызашар инстаграммда шыққан. Ақтөбе қаласы әкімдігінің жанындағы мониторинг топқа хабарлама жіберілді. Қатысқан адамдарға, ауызашар жасаған мейрамханаға әкімшілік шара қолданады.

Әріптестерімен қосылып санитарлық талапты бұзғанын қала мәслихатының хатшысы Анар  Даржанова мен кәсіпкерлерік палатасына қарайтын іскер әйелдер қауымдастығындағылар да мойындайды. Олар ауызашарға барғаны үшін кешірім сұрап, айыппұл төлеуге әзір екендігін айтады.

Анар Даржанова, Ақтөбе қаласының мәслихат хатшысы:

- Қатысқаным дұрыс емес екенін түсінемін. Жаңылмайтын тұяқ жоқ. Бұл әрекетім дұрыс болмады.  

Тұрғындар тұрмақ, карантин талаптарын қатаң сақтауды қадағалауға міндетті тұлғалардың бұлай еркінсіп жүргеніне дәрігерлер қапалы. Індетке тосқауыл қоюдың жалғыз амалы – вакцина. Ақтөбе облысында бүгінде екпе алғандар саны 40 мыңға жетіп қалды. Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға бұл – аз.  

Маңғыстау облысында да эпидемиялогиялық жағдай нашарлап барады. Үш күн бұрын өңір «қызыл» аймаққа кірген. Бүгін облыстың бас санитар дәрігері жаңа қаулы шығарды. Ірі сауда орталықтары, спорт кешені, сауықтыру орындары мен базарлардың сенбі-жексенбі күні жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Облыс көлемінде адам көп шоғырланатын шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Сұлулық салоны, стамотология, фитнес орталықтарына баруға алдын ала жазылу керек. Мұнайлы аймақтың бас санитар дәрігері ауруды ауыздықтауға вакцина салдырып, барыс-келісті түбегейлі тоқтату керек деп отыр. Спортшылардың басқа «қызыл» аймақтағы өңірлер мен Қазақстаннан тыс жерге шығуына мүлдем тыйым салынды. Әуежайда да коронавирусқа тексеру күшейтілді.

Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:

- 26-сәуірден бастап Ақтау халықаралық әуежайына келетін адамдардың дене қызуы өлшенеді, жоғары болса,  клиникалық бақылауға алынады. Балабақшаға 15 баладан артық қабылданбайды. Санитарлық талапты сақтап жұмыс істеу керек.

Аймақтағы кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Онда да 30 адамнан артық жиналуға рұқсат жоқ. Тамақ жеткізу қызметі түнгі 12-ге дейін істей береді. Жаңа қаулы 26-сәуірден бастап күшіне енеді.

Өткен тәулікте елде тағы 2894 адамның індет жұқтырған. Бұл статистиканы облыс пен қалаларға шақсақ, бір Алматының таразыдағы салмағы басым. Алматыда  бірден 698 тұрғыннан вирус анықталды. Аурудың ауыздықталмауына әлі де тығылып той жасап, ас беретіндер себеп. Енді бұл тізімге ауызашарды қосып қойыңыз.

Қаладағы стационарларда бас-аяғы алты мың орын болса, оның 4 мыңға жуығы әзірден бос емес. Денсаулық сақтау министрлігі болжағандай, мамырда ауру көрсеткіші күрт көбейіп, күніне 4 мың науқастан тіркелсе, тапшылықтың көкесі сол кезде сезілейін деп тұр. Кеселге қалқан деген екпе салу кешеуілдеп жүріп жатыр. Ресми 2 млн-нан астам тұрғыны бар Алматыда 1-ақпаннан бері бар-жоғы 162 мың адам вакцина салдырған.

Қазір қалада 205 жерде екпе қабылдауға болады. Екі мыңға жуық медицина қызметкері осы жұмысқа жұмылдырылған. Кеше Алматыға 34 900 доза түрінде вакцинаның жетінші траншы келді. Бірақ ол жеткіліксіз. Қалада ұжымдық иммунитет пайда болу үшін кемі 900 мың тұрғын вакцина салдыруы тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.