Қорғаныс министрлігіне қарасты компания кәсіпкерлердің жұмысына ақша төлемеген
Қорғаныс министрлігіне қарасты компаниядан миллиондаған ақшасын ала алмаған кәсіпкерлер бүгін министрліктің алдында наразылық танытты. Кәсіпкерлердің бірі әскери казармаларға құрылыс материалдарын жеткізсе, бірі терезесінің алдына гүл отырғызып берген. Тағы бір клининг компания ғимараттың ішін тазалапты. Соның ақысын жарты жылдан бері күтіп жүр.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.04.2021
Қарыз көлемі де аз емес. Кәсіпкерлердің айтуынша, 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал министрлік былыққа батқан компанияның қарызын қалай қайтарарын білмей әлек. Наразы кәсіпкерлердің ортасында елордалық тілшіміз те болып келді.
Әдетте маңынан шыбынның ыңызы естілмейтін тып-тыныш қорғаныс министрлігінің жұмыс аптасы бүгін сәтсіз басталды. 85 компанияның өкілі қақпасының алдында топырлап тұрып алған. Барлығы еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған. Министрлікке қарасты компания әрқайсына миллиондап қарыз. Жұмысын істетіп ап, ақшасын төлеуге келгенде хабарсыз кеткен.
Дамир Сатыбаев, мердігер компания басшысы:
- Маған «Әскери құрылыс» серіктестігі 99 миллион 900 мың теңге қарыз. Жарты жылдан бері ала алмай келем. Мен Балқашқа, Приозерск мен Щучье, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Ақкөлге құрылыс материалдарын жеткізіп бердім. Енді менің компанияма салық төлемдері келіп тұр. Оны төлейтін ақшам жоқ.
Ол құрылыс материалдары казармаларды жөндеуге қолданылған. Ғимараттары шаң-тозаңнан тазартылып, терезелерінің алдына дейін гүлмен жайқалтқан. Министрлікке қарасты компания ғой деп сенген олар бүкіл жұмысын өз қаражатына істеген. Енді сотқа берейін десе, оған төлейтін қаражаты жоқ.
Ерлан Шілдебаев, мердігер компания басшысы:
- Сотқа қазір, өзіңіз білесіз, өкіметтің сотына берсеңіз, 3 пайызы бар. Оған да ақша беру керек. Жекеменшік нотариус арқылы бір пайызы бар. Оның бәріне, дәл біздей сияқты адамдар, компанияның жетекшілері, ондай қаражаты жоқ. Ол ақшаны жұмысқа жұмсаған, жұмысқа несие алып бітірген. Енді сол ақшаны ала алмай отыр.
Министрлік компаниялардың өз арасындағы дауға біз араласуға қақымыз жоқ деп басын арашалады. Ал қаражатты «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-не түгел аударып бергенін айтады. Бірақ қаржы сол серіктестіктен ары аспай, жұмысты орындаған мердігер компанияларға жетпей қалып тұр.
Министрлік бұл мәселеден біраздан бері хабардар екен. Мәселенің басын ашу үшін серіктестікке қатысты қаңтар айында аудиторлық тексеріс бастаған.
Мұхамеджан Таласов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Өкінішке қарай, қазірдің өзінде олқылықтар шығып жатыр. Бағаны 10 есе асырып көрсеткен дерек бар. Оны құқық қорғау органдары нақтылайды. Одан бөлек, қорғаныс министрлігіне керек емес құрылыс материалдарын сатып алған да жайттар анықталды. Оның бәрін арнайы органдар анықтайды. Қазір тығырықтан шығу үшін үш түрлі жол ұсынып отырмыз.
Оның бірі – серіктестіктің бір миллиард 300 миллион теңге активі бар. Сол арқылы қарызды қайтару. Болмаса, акционерлік қоғам арқылы жаңа тендерлерге тартып, қаржылық жағдайын жақсарту. Үшіншісі – әкеп берген материалдарын қайтарып беру. Ал жаңа келген компания директоры өз ұжымының шаруашылығынан бейхабар.
Серікқали Есенғалиев, «Әскери құрылыс Астана» ЖШС директоры:
- Қалай жұмыс істеуге болады?
- Кешірім өтінемін.
- Қаржы директоры осы мәселені түсіндірсін.
- Мекеменің директоры сіз бе? Директор!
- Қаржы директорының бұған қандай қатысы бар? Қаржыға қатысты, барлық ақпаратты сіз білуіңіз керек.
- Мен бұны түсіндіруге қиналып отырмын.
Ең қызығы, министрліктің компаниялардың өз арасындағы дауға біздің қатысымыз жоқ дегеніне сену қиын. Себебі, мердігерлерді опық жегізген «Әскери құрылыс Астана» серіктестігі өзі аттас акционерлік қоғамның еншілес ұйымы. Ал акционерлік қоғам толығымен министрліктің өзіне тиесілі.
Сондай-ақ бар былықтың себепшісі болған серіктестік 2016 жылдан бері қарыздан көз ашпаған. Министрліктің бұл жағдайдан қалай хабарсыз болғаны түсініксіз. Оның үстіне компанияның аты дауға қалып тұрғаны бірінші рет емес. Былтыр дәл осы серіктестік еден жуушы, аула сыпырушы сынды техникалық қызметкердің зейнетақы жарнасын жарты жыл бойы аудармай қойған еді. Компанияның басынан дау арылмаса да, министрлік әлі күнге ат құйрығын үзіспеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!