Екі мың дәрігердің КВИ жұқтыруына себепкер болған басшы сотқа келді
Екі мың дәрігердің коронавирус жұқтыруына себепкер болды деп айыпталған «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы сот алдында жауап бере бастады. Берік Шәріптің қызметін асыра пайдалануының кесірі осындай жағдайға әкелді деп есептейді тергеушілер.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
26.04.2021
Үйінен 13 жыл бойы заңсыз сақталған тапанша да табылыпты. Бірақ Шәріп кінәсін мойындаған жоқ.
Пандемия кезінде пайдаға кенелді деген «СҚ-Фармацияның» экс-басшысына қатысты алғашқы сот отырысы қалай өтті?
Былтыр Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және басқа да қалаларда сәуір мен мамыр аралығында 2 мыңнан астам дәрігер жаппай коронавирус жұқтырғаны есте. Барлығы қорғаныш костюмдарының жетіспеушілігінен дертке шалдыққаны тергеу барысында анықталды. «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы сол қорғаныш құралдарын уақытылы жеткізбегені үшін айыпталып отыр.
Бүгін Берік Шәріптің ісіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Іс деректеріне қарағанда, ақша мемлекеттік қордан уақытында бөлінген. Тек айыпталушы жымысқы әрекетін жүзеге асырмақ оймен «Іңкәр» серіктестігіне, талапқа жауап бермесе де, тапсырыс берген. Соның салдарынан серіктестік уәделі қорғаныш құралдарын уақытында жеткізе алмапты.
Дастан Көпербаев, прокурор:
- Мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, әр дәрігер қауіпті аймақта жұмыс істегенде бір реттік қорғаныш құралын әр үш сағат сайын алмастырып отыруы тиіс. Бірақ бұл құралдар уақытында жеткізілмегендіктен, мамандар жабдықталмаған күйі жұмыс істеуге мәжбүр болған. Соның салдарынан дерт жұқтырған 2 мыңнан астам маманға мемлекет 2 миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді.
Мемлекеттік айыптаушы іске қатысты дәлел-дәйектерін келтіргенімен, Шәріп өзіне шаң жуытқан жоқ. Ол былтыр президенттің қатаң сынынан кейін қызметінен алынып, кейін тамыз айында тұтындалған болатын. Сол кезде үйін тінткен кезде 13 жыл бойы заңсыз сақталған тапанша да табылыпты. Мұның барлығын айыпталушы түсіндіруден бас тартты.
Берік Шәріп:
- Тергеу амалы кезінде маған қатысты кінәнің анық-қанығына жетпеді. Оның үстіне қылмыстық іске қатысты біз ұсынған кейбір дерек ескерілмеді. Ал прокурордың маған тағып отырған айыптарына қатысты жауап беруім үшін, адвокаттарымен кездесуге рұқсат етуді сұраймын. Содан кейін ғана жауап беремін.
Қызметін асыра пайдаланып мемлекетке айтарлықтай зардабын тигізген «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысын сот айыпты деп таныса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл іске қатысты келесі сот отырысы 28-сәуірде өткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!