Шортандыда садақа жәшігін ұрламақ болды
Садақа жәшігін ұрламақ болды. Ақмола облысындағы Шортанды ауданының мешітіне арам пиғылды адам түнде терезеден түсіпті. Бірақ қанша әуреленгенімен, жамағат садақасына қол жеткізе алмаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
27.04.2021
Пластик терезені оңай ашып, түн ішінде мешітке кірген адам тура пітір садақа жәшігіне бет алған. Биіктігі бір метрдей темір жәшікті қалай айналдырса да аша алмаған. Тік көтеріп алып кетуге мұршасы келмепті. Өйткені жергілікті зауытта жасалған сейфтерді жақында ғана облыстағы барлық мешітке орналастырған.
Ұры алыстан келмеген. Полиция 44 жастағы Шортанды кентінің азаматын ұстады. Оған «қылмысқа оқталу» бабымен іс қозғалып тергеу басталды. Бұған дейін осы мешітте екі рет ұрлық болған екен. Бірақ мешіт торып жүрген осы азамат па, жоқ па, оны тергеу анықтайды. Рамазан айында мешітке ұрлыққа түскен адамның әрекеті көптің жағасын ұстатты.
Дәулет Қайратұлы, Ақмола облысы Науан хазірет мешітінің іс басқарушысы:
- Болған жағдай баршамызды қынжылтты. Расында да қасиетті Рамазан айында осындай бір әрекетке барып жатыр. «Ұрлық түбі – қорлық» дейді атам қазақ. Бұл шариғат тұрғысынан да ауыр күнә. Заң жүзінде де қылмыс болып есептеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!