Жастардың шетелге кетуі неге жиіледі?
Қазақстанда білікті мамандардың шетелге кетуі жиілеген. Әсіресе ең қажетті деген мұғалім мен дәрігерлер саны 3-4 еселеп артыпты. Солардың ізін ала, енді мектеп бітіруші түлектер арасында да Ресей оқу орындарына түсушілер көбейген. Мәжіліс депутаттары бүгін осындай мәселе көтерді.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.04.2021
Шетелге кетіп жатқан түлектердің 60 пайызы солтүстіктегі көршіге барады екен. Өйткені жағдай бізден әлдеқайда жақсы. Ал Қазақстан білікті мамандар мен талапты жастарды ұстап қалу былай тұрсын, Атамекенде оқуға мүмкіндік алған мыңға тарта қандасымызды қабылдамайын деп тұр. Себебі, шекара жабық.
Статистика бойынша, жыл өткен сайын білікті мамандардың елден кетуі көбейіп барады. Шетелге кетіп жатқандардың арасында 54 пайыздан астамы жоғары білікті мамандар. Алдыңғы жылмен салыстырғанда кетіп жатқандар арасында техникалық мамандар 5 есе, мұғалімдер 4 есе және дәрігерлер 3 есе көбейген. Енді осы үрдіс мектеп бітірушілер арасында да қанат жайған. Және көбі қазақ ұлты.
Сергей Милютин, Мәжіліс депутаты:
- Әсіресе, Қазақстанда лайықты білім ала алмаудың себебі ұлтқа не тілге қатысты емес. Оған дәлел де бар. Ресейге немесе басқа да елдерге білім іздеп кетіп жатқан әрі сонда қалғысы келетін жастардың басым көпшілігі этникалық қазақтар. Оның себебі, біздің елде сырттай оқу түгел жабылған. Ал Ресей ондай мүмкіндікті кеңінен ұсынып отыр.
Депутаттардың айтуынша, шетелге кететін талапкерлердің 60 пайызы Ресейге барып жатыр. Әрі шетелден қайтқысы келмейтіндер де көп. ҰБТ-дан төмен бал алса, бізде оқуға түсу қиын. Ал Ресейге барса ондай талап жоқ. Оның үстіне сырттан келетін студенттерге Ресей жақсы жағдай ұсынып отыр. Новосібірде төртінші жыл оқып жатқан семейлік Шырын да соған қызығыпты.
Шырын Нұртөлеуова, Алтай мемлекеттік медицина университетінің студенті (Ресей):
- Сізге тұрақты тұрғын үй береміз, қандай жағдай керек, сондай жағдай жасап береміз, ақшалай болса да жасап береміз, тұрғын үй болса да жасап береміз деген сөзі қатты ұнады. Сондықтан осында оқуға, тұруға шешім қабылдадым. Бұл біріншіден. Екіншіден, студенттер сабақ оқумен ғана емес, басқа нәрсемен де айналыса алады. Және де сен басқа да үйірмеде айналысқаныңа саған қаражат төленеді.
Талапкерлердің шетелге ағылуы, оның ішінде Ресейге кетуінің себептері бар. Көрші елде тілді түсінеді. ҰБТ тапсырып қиналмайды. Әрі сырттай оқуға түсіп алса, Ресейге барудың да қажеті жоқ. Кейін сол оқуын Қазақстанға ауыстырып алуына да болады. Және бір себебі – бәсеке. Ресей оқу орындары жыл сайын қазақстандық талапкерлерді түрлі жолмен өзіне тартып жатыр.
Рахман Алшанов, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті:
- Қазір Ресейде демографиға байланысты халық саны жыл сайын 300-400 мыңға азайып жатыр. Соған байланысты оларда Үкіметте миграциялық саясат қолға алынған. Соның ішінде отандастарды, қандастарды шақыру, оларға жағдай жасау. Бізден барған балаларға, студенттерге қарасаңыздар, грант, стипендия, жатақхана, жұмыс орны, азаматтық. Басқа студенттерге ондай жеңілдік жоқ.
Осыған қарап отандық оқу орындарында студент азайып қалды деуге де болмайды. Тіпті жыл сайын артып барады. Дегенмен талапты жастардан айрылмас үшін сырттай оқуды заң жүзінде қайтадан енгізуді қарастырылып жатыр.
Депутаттар көтерген тағы бір мәселе: қазақстандық студенттер Ресейге ағылып жатқанда біздің ел сырттағы қандастарымызды оқуға қабылдауға құлықсыз. Былтыр мыңға тарта шетелдегі қандасымыз Қазақстанда оқуға мүмкіндік алған. Бірақ сол мүмкіндігі зая кетейін деп тұр. Себебі, Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ны онлайн өткізуге қарсы. Ал елге келіп тапсырайын десе, пандемия кесірінен шекара жабық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!