Ashyq мобильді қосымшасының олқы тұстары
Бүгін мәжілісмендер Ashyq мобильді қосымшасының олқы тұстарын тізіп берді. Депутаттар қосымшаны жүктеген қазақстандықтардың жеке мәліметі қайда кетеді деп бас қатырып отыр. Одан бөлек, бағдарламада пайдалы ақпарат та жоқ. Сондықтан цифрлық даму министрлігі қосымшаны одан әрі жетілдіруі керек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.04.2021
Снежана Имашева, Мәжіліс депутаты:
- Қосымшаның өзінде қажет мәлімет жоқ, тек «кіруді тіркеу» және «шығуды тіркеу» деген екі сілтеме көрсетілген. Жобаға қатысатын нысандардың тізімі де жоқ. Нысанға кірер кезде қай мәртебеде екеніңді тексеретін мүмкіндік қаралмаған. Тіпті техникалық қолдау қызметімен байланысатын сілтеме жоқ. Ең бастысы, қосымша тұлғаның шынайы мәртебесін көрсетпейді.
Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест теріс нәтиже көрсетсе, қолданушы «жасыл» емес, «көк» түсті мәртебеге ие болады. ПТР тест тапсырмаған, симптомсыз ауыратын адамдарда да бәрібір «көк» түс жанады. Бұл мобильді қосымша жүгінетін мәліметтер базасында қатенің барын немесе уақытында жаңармайтынын көрсетеді.
Депутат «көк» мәртебедегілер оңай әрі-бері жүріп, ауруды ушықтырады деп алаңдайды. Имашеваның мәліметінше, Ashyq-та сұралатын азаматтардың жеке мәліметі еш қорғалмаған. Бұл алдағы уақытта тағы да қазақстандықтардың жеке мәліметтерінің интернетте таралуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!