Вакциналау паспортын бизнес көзіне айналдыруға жол жоқ
Вакциналау паспортын бизнес көзіне айналдыруға жол жоқ. Қоғамдық денсаулық басқармасы Алматыда вакцина салынғанын растайтын электронды төлқұжат саудаға салынғанын жоққа шығарды. Ақпарат құралдарында тараған жаңалықтың анық-қанығы жіті тексеріліп жатыр.
Автор: Мақсат Мәлік
28.04.2021
Лаура Мырзағали, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы:
- Егов-та нақтылы осындай вакцина паспорты сатылды деген ақпарат негізді емес. Қазір ары қарай қызметтік тексеріс жүргізіледі. Содан кейін сіздерге осы туралы ақпарат беріп отырамыз. Негізі бұл жұмысты прокуратура және полициямен бірге істеп жатырмыз.
Қызметтік тексерістің қорытындысы бір аптаның көлемінде жариялануы мүмкін. Қазір өзін делдал ретінде көрсетіп хабар алмасқан нөмірдің иесі анықталып жатыр. Алайда басқарма өкілдері адамның вакцина алған-алмағанын дәлелдеу қиын емес дейді. Өйткені екпе салдыруға келгендер куәлігін көрсеткенде жеке сәйкестендіру нөмірі базаға енгізіліп, ол адам қолхат береді. Тіпті тұрғындардың кіріп-шыққанын бақылайтын бейне камераның көмегімен қауесеттің рас-өтірігін нақтылауға болады.
Кешелі бері ақпарат кеңістігінде Алматыда екпе салынғаны туралы электронды паспорт сатылып жатқаны айтылған. Онда делдал қай клиниканы таңдағаныңа байланысты түрлі қызмет ақысын ұсынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!