Вакцина алған қазақстандықтардың саны миллионнан асты
Елде екпе қабылдаған қазақстандықтардың саны миллионнан асты. Бірақ әзірге тек 205 мың адам ғана вакцинаның екінші компонентін салдырып үлгерген. Қазір ресейлік "Спутник-V"-мен қатар отандық QazVac та екі күннен бері егіліп жатыр. Ал бірер күнде қытайлық екпе де жеткізіледі.
Автор: Асқарбек Қазанғап, Руслан Әбдіхалық, Жаңалық Ахаш
28.04.2021
Ал екпе алғандар санын алдағы бір аптада екі еселеу жоспарланған. Қазіргі қарқынмен бұл межені бағындыру мүмкін бе?
Елдегі екпенің жайы қалай?
Жамбылдықтарға бір атып, екі ұту мүмкіндігі туды. Әдетте базарға азық-түлік алуға баратын тұрғындарға енді сол жерден вакцина салдыруға болады. Бүгін аймақтағы ең ірі «Ауыл береке» базарының кіреберісіне екі медициналық кешен қойылды. Әзірге халықтың аса белсенділігі байқалмайды. Түске дейін небәрі 50-ге жуық адам келген.
Қайрат Төлегенов, саудагер:
- Қайсысын таңдадыңыз?
- Отандық вакцинаны. Өз басым отандық өнімді қолдаймын. Қорқыныш болған жоқ. Өзімді жақсы сезінемін, басым айналмады.
Тұрғындардың көбі қай вакцинаны қабылдарын білмей бас қатырып жүр. Тіпті кейбірі сол жерге келіп, туыстарына хабарласып кеңес сұрап жатыр. Эпидемиологтар да QazVac-тың кері әсерін байқамадық дейді. Өзін жайсыз сезініп, денсаулығына шағым түсіргендер әлі тіркелмепті.
Гүлфайра Мырзабекова, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы:
- Мұндай кешен барлық ауданда бар. Бүгін базарға ең бірінші күн шықтық. Бір сағатта 50 адамға ектік. Жартысы отандық вакцина. Жартысы – ресейлік.
Ақпан айынан бері Жамбыл облысына 81 доза ресейлік вакцина жеткізіліп, 41 мыңнан аса адам оны қабылдаған. Ал күні кеше өңірге отандық екпенің 2 000 дозасы әкелінді. Оны 300-ден аса адам салдырған. Қазір барлық он ауданда вакцина егу жүргізіліп жатыр. Жалпы аймақ тұрғындарының 60 пайызына, яғни 600 мың адамға екпе салу көзделген.
Ақтөбеде де каронавирусқа қарсы екпе салатын пункт ойын-сауық орталығынан ашылды. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алдына да жылжымалы зертхана жеткізілген. Жылжымалы пункттер қаладағы гимпермаркеттер мен ірі дүкендерді де аралап жүр. Мамандар екпе алушылар санын көбейтеміз дейді.
Дегенмен жылжымалы зертханаға келушілер аз. Ақтөбеліктер мұндай жаңашылдыққа секеммен қарайды. Бас амандығы үшін емдеу мекемелеріне барып екпе салдырғанды жөн көреді екен. Ал қаладағы ең ірі ойын-сауық орталығында, керсінше, таңнан бері вакцина пунктінде адам қарасы үзілмеді.
Әсел Қабақбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Сауда орталығында өте ыңғайлы. Көп уақыт алған жоқ. Келдік. Барлығын алдын ала тексерді. Сосын вакцинамызды алдық. Емханада адам көп. Көп уақытыңды кетіреді.
Ақтөбедегі түрмеде жазасын өтеушілер де екпе алып жатыр. Қылмыстық атқару департаментіне қарайтын КА 168/1, КА-168/2 және КА 168/3 мекемелерінде апта бойы вакциналау жүргізіледі. Бұған дейін түрмелерді күзететін Ұлттық ұлан сарбаздары мен колония қызметкерлері екпе алған болатын. Қазір Ақтөбе облысында 40 мыңға жуық адам қауіпті індетке қарсы екпе алды. Барлығының салдырғаны ресейлік - «Спутник V». Отандық вакцинаны қазір емханаларға таратып жатыр, егуді келесі апта бастайды. Ал қытайлық Sinopharm вакцинасымен әзір ақтөбеліктерді екпейді. Аталмыш вакцинаны алдымен аймақтағы мұнайшылар салдырады екен.
Елде вакцина салу әу бастағы жоспардан кешеуілдеп, өгіз аяңмен жүріп жатыр. Ақпаннан бері әупірімдеп жүріп миллиондық межеден астық. Халықтың санына қарай шаққандықтан болар, Алматы вакцинаны ең көп салдырған аймақтардың көшін бастап тұр. Мұнда соңғы статистика бойынша 195 мыңнан астам тұрғын вакцина қабылдаған.
Салыстыру үшін өзге өңірлердің көрсеткішіне зер салсақ, ауру асқынып тұрған Атырау облысында тек 20 мың адам екпе салдырған.
Халқы бұл облыстан аз Шымкент қаласында 90 мың тұрғын вакцина алып үлгерген. Дегенмен кеселге қалқан болып, індет ауылын іргеден алыс салуы үшін егу қарқыны қазіргіден екі-үш есеге көп болуы керек дейді мамандар.
Алматыда бас-аяғы 210 вакциналау пункті жұмыс істеп жатыр. Күніне орташа 5 мыңнан астам егіледі. Екі күн бұрын елдің түкпір-түкпіріне жөнелтілген «ҚазВактың» дозасы аздық ететін түрі бар. Өйткені екі компоненттен тұратын 50 мың доза бар-жоғы 25 мың тұрғынға жетеді. Соған қарағанда Ресей мен Қытайдың екпесіне біздегі зауыт іске қосылғанша телміретін түріміз бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!