Алматыда ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы жұрт наразылығын туғызды
Алматыда ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы басталмай жатып жұрт наразылығын туғызды. Жоба бойынша алдағы бес жылда қаладағы әбден тозығы жеткен 700-ден астам үй сүріліп, орнына жаңасы бой көтеруге тиіс.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.04.2021
Алайда бұл шешімге шаһардың кей тұрғындары түбегейлі қарсы. Олар тұрғын үйлер құмырсқаның илеуіндей салынса, қала экологиясы құртылады деп ұлардай шулады. Ал салынғанына ғасырға жуық уақыт болған үйде тұратын бұқара болса, бағдарламаның шапағатын көруге асық.
Плакат ұстап, наразылыққа шыққандар Бұқар Жырау мен Манас көшелерінің қиылысындағы үйлерде тұрады. Сол аумақтағы 12 ескі үй сүріліп, орнына жаңа көпқабатты үйлер бой көтереді деген хабарды естігелі жұрттың тынышы қашқан. Қараша алақандай жерге биік нысандар тұрғызылса, күн түсетін қаптал жабылып, тынысымыз тарылады деп налиды.
Дана Мейірбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мына жерге он қабатты үйлерді қойса – қалаға ауа келмейді деген сөз. Қанша жаңа ауру шықты. Кішкентай балалардан бастап онкология, инсульт, аллергия және неше түрлі ауру пайда болды. Өйткені қазір қалада ауа жоқ.
Айта кетейік, өткен айда басталған ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша әбден тозығы жеткен баспаналар жаппай сүріледі. Оның орнына көпқабатты үйлер бой көтереді. Сосын халық бұрынғы тұрған пәтерінің шаршы метріне сәйкес жаңа үйден ауданы сондай баспанаға көшеді. Бұл бағдарламаны қолдап отырған тұрғындар баспаналарының бұзылатын күнін тағатсыздана күтіп жүр.
Ерсайын Бақытұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Менің төрт балам бар. Олардың үй жағдайын жақсарту мақсатында үйлердің сүрілгенін күтіп, жаңа үй алғым келеді. Оны мен 2015 жылдан бері күтіп жүрмін. Оның үстіне 10-15 шаршы метр қосып береді. Мысалы, менде 65 болса, 75 шаршы метр қосып береді. Сондықтан мен үйдің салынғанын күтемін.
Жиналғандардың пікірі қақ жарылып, бағдарламаны жақтайтындар мен даттайтындар өзара дауласты. Екіге бөлінген бұқараны мердігер компания мен әкімдік өкілдері сабырға шақырумен әлек болды.
Басталмай жатып көпшіліктің ызасын туғызған бағдарламаны «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұйымдастырады. Ұлттық компания алдағы бес жылда қаланың келбетін қашырып тұрған 708 апатты үйдің көзін жоймақ.
Қанат Әлібеков, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директоры:
- Бұл аумақтағы ескі үйлерді сүріп, жаңасын салатын инвестор табылды. Ол жоспар құрып, елге жай ғана көрсетті. Жобада тұрғындардың пікірі ескеріледі. Біздің мақсатымыз – сенімді компанияларды осы бағдарламаға тарту. Сүрілген үйлердің аумағында тұрғын үйлер ғана емес, халыққа жаңа қызмет көрсету нысандары салынады, жаңа желі тартылады, саябақ, қоғамдық орындар пайда болады. Халық соны түсінуге тиіс.
Ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы құрылыс компанияларының оң жамбасына келіп тұр. Себебі, қаланың қақ ортасындағы апатты баспаналарды тып-типыл етіп, биік үйлерді құмырсқаның илеуіндей жыпырлата беру оларға да тиімді. Бірақ экологтар бір-біріне өте жақын, тығыз салынған биік үйлердің кесірінен жел соқпай, ауа ластанады деп дабыл қағып келеді. Алайда шаһардың экологиясына алаңдаған алматылықтар мен мамандардың пікірін еститін жан болмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!