Алматыда жарықсыз қалған тұрғындар көшені жауып тастады
Алматыда жарықсыз қалған тұрғындар ашуға мініп, көшені жауып тастады. Полицияны аяғынан тік тұрғызған дүрбелең Теректі ықшам ауданында болды.
Автор: Мақсат Мәлік
29.04.2021
Ал күні бойы тұрғындардың шағымына құлақ аспаған әкімдік өкілдері халықтың көшеге шыққанын естігенде жанұшыра жетіп келді. Қас-қағым сәтте қараңғыға қамалған 100 отбасы компания қызметкерлері қарыздарың бар деген желеумен ешкімге ескертпестен электр желісін өшіріп кеткенін айтады.
Айна Мұсаева:
- Шалым І топтағы мүгедек. 16-17 жыл болы сал болып жатыр. Аппаратпен тыныс алады. Жарық өшіп қиын болды. Ай сайын төлеп жатырмыз. Ұят қой енді, Ораза кезінде. Неге Ораза кезінде жарықты өшіреді?! Алдын ала неге айтпайды?! Балалар бар дегендей.
Жарықтың зардабын тартқан тұрғындар үш сағат бойы тарқамай тұрып алды. Өйткені электр көзіне жөнді жарымағандар басқа амалымыз қалмады дейді. Олардың айтуынша, жарық беруші компания 500 мың теңге қарыздарыңды төлесеңдер ғана қайта қосамыз деп сес көрсетіпті. Алайда ұлардай шулаған тұрғындар ондай қарызымыз жоқ деп азар да безер.
Халық топырлап көшеге шыққанда төбе көрсеткен әкімдік өкілдері ушыққан жағдайды өзінше түсіндіруге тырысты. Жергілікті билік тарапы Теректі ықшам ауданы облыстан қала құрамына қосылған соң электр көзі мемлекет балансына өтіп жатыр дейді. Бірақ әлі дербес шот ашып үлгермеген 20 шақты үйдің қарызы өтелмеген. Компания қызметкерлері сол себепті осындай қадамға барған көрінеді. Десе де әкімдіктегілер ақыр соңында өз мамандарын шақырып, жарықты қосуға мәжбүр болды. Бірақ қарыз өтелмейінше, мәселе түбегейлі шешілмейді дейді.
Зиярат Қамбатыр, Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
- Осындай жағдайға жеткізген тұлғалар және «Алматыэнергосбыт» мекемесінің қызметкерлерімен аудан әкімдігінде немесе көшпелі жиналыс өткізіледі. Тұрғындармен дұрыс түсіндіру жүргізіліп, әр тұрғынның қандай сұрағы бар, соған жауап беріледі. Бұл мәселенің шешімін қарастырып береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!