Баян Алагөзова жарнама жасаған компанияға 200-дей адам алданған
Ақшаны қалтасына басты, енді қайда қашты? 200-ге жуық алматылық тендерден пайда көремін деп, Astex.kz компаниясына құйған 2 миллиардын қайтара алмай жүр. Ақшамен қоса компания қожайыны да ұшты-күйлі жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
29.04.2021
Тендерден пайда табатын мекемені бірігіп құрған туған бауыры жауаптан беруден ат-тонын ала қашты.
Олардың мақтауын асырып, өзгелерді инвестиция құюға продюсер Баян Алагөзова шақырып жарнамалаған. Алданғанын енді түсінген жұрт жаппай полицияға арыз жазып жатыр.
- Бұл Қазақстандағы тендерлік жобаларға ақша салу арқылы еш қауіптенбей-ақ ақша табуға болатын жалғыз компания...
Баян жарнамалаған бұл компанияға жұрт ағылып келген. Ал сол «Астекстің» басы-қасында жүрген – ағайынды Шыңғыс пен Алмас Құрманғалиевтер. Тендерден теңге табуға көмектесіп, олардың клиентін көбейту үшін бұл іске «Мудараба капитал» мекемесі делдал ретінде тартылыпты. Енді олардың өзі жұртпен бірге алдандық деп, азын жазған.
Руслан Бурканов, Mudarabah Capital компаниясының бас директоры:
- Бір апта бұрын «Астекс» компаниясының директоры Алмас Құрманғалиевтің атына арыз жазып, іс қозғалды. Бұл компанияны 2019 жылы Алмас және Шыңғыс Құрманғалиевтер құрған. Жарнамаларын көріп қызықтық. Шыңғыс тендерге қатысуға оқытады. Ал Алмас тендерді ұтуға көмектеседі. Біз агент компания ретінде жұмысқа кірісіп, енді алданып қалып отырмыз.
Олар тендерден ұтқан соманың 20 пайызын арадағы агент компанияға беріп отырады. Ал делдал мекеме айына салымшыға құйған сомасының 7-8 пайызын аударады. Салымшылар кемі 5 млн теңгеден құюы тиіс болған. «Мударабаны» да елдегі танымал вайнерлер жарнамалап, ел құлағын елең еткізді. Енді кешірім сұраса таң қалмаңыз. Алданғандардың бірі – Арайлым. Жарымен кәсіп бастауға жиған қаржысын «Астекстің» аранына тастағанын кеш ұққан.
- Блогерлер жарнамасын жақсылап беріп жатты, біз солай шештік, инвестиция берейік дедік. Біз екі ай күттік. Екі айдан кейін тағы бермеді. Барып шартты бұздық. Бірақ содан кейін өз ақшамызды ала алмай қалдық. Міне, бес ай болды.
Арайлым секілді алданғандар 200-ге жуықтайды. Айналып келгенде 2 миллиард теңгені қалтасына басқан Алмас Құрманғалиев агент мекемені де, оларға сенген салымшыларды да сан соқтырып кеткен. Ал туған бауыры Шыңғыс «бұл былыққа қатысым жоқ» деп, өзіне шаң жуытар емес. Тіпті «ағаммен аразбын, араласпаймын, өзі жауап берсін» деп сұрақтан сытылды.
Шыңғыс Құрманғалиев:
- Бұл компанияны менікі деп есептегенмін. Алмас «Астекс» брендін пайдаланып, «Астекс kz» деп атауын өзгертіп, жұмысын «Мудараба капиталмен» жүргізді. Енді мені араластырмай, Алмас пен Руслан Бурканов салымшылар алдындағы шаруаларын өздері шешсін.
Бір қызығы, «ағаммен аразбын» дегенмен, Шыңғыс пен Алмас Құрманғалиевтің кеңсесі бір ғимаратта. Екеуі де осыған дейін істі болған. Алмас Құрманғалиев 2010 жылы монополияға қарсы инспекцияда жұмыс істеп жүріп, 5 мың доллар пара алғаны үшін сотталса, Шыңғыс сол жылдары қаржы полициясының қызметкері бола тұра, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жаза арқалаған. Айыбын өтеген соң аяқасты тендерге бет бұрған ағайындылар ол кезеңді не растағысы, не жоққа шығарғысы келмейді.
- Бұл сұраққа жауап бермеуге құқығым бар.
Ал полиция департаменті күмәнді компанияға қатысты тексерісті салымшылар арызының негізінде бастап кетті.
Салтанат Әзірбек,Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне, ҚР ҚК-нің 217 бабы – қаржылық пирамида бойынша тіркелген. Қазір мән-жайын анықтауға және кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған тергеу іс-шарасы жүргізілуде.
Аталмыш істегі күдіктілердің тізімі көбеюі мүмкін. Алмас Құрманғалиевке көмектескендердің арасында Тимур Оспанов деген кеңесшісінің аты аталады. Ол жағын тергеу нақтылайды. Арыз түскенмен, неге екені белгісіз, ұшты- күйлі жоғалған Алмас Құрманғалиевке әлі іздеу жарияланбады. Бейресми дерек бойынша, ол миллиардтарымен Грузияға кетіп қалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!