Коронавирустан көз жұмғандардың саны бес есеге артты
Денсаулық сақтау министрлігі сәуір соңына дейін құрған жоспарынан жаңылды. Министрлік 2 миллион адамға екпе жасаймыз деген. Ертең сәуірдің соңғы күні.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
29.04.2021
Вакцина алғандар саны миллионнан енді асты. Оның өзінде, екінші компоненті 225 мың адам ғана қабылдаған. Дегенмен қазір жаппай егу жер-жерде қызу жүргізіліп жатыр. Түрмедегі жазасын өтеушілерді айтпағанда, көшеде үйсіз-күйсіз қаңғып жүргендер де егілуде.
Ел астанасында 100 егу пункті жұмыс істеп жатыр. 3-4 ірі сауда кешеніндегі вакцинация алаңдарында күніне 250 адамнан егіледі. Соның үзінде елордада 102 мың адам ғана коронавирусқа қарсы вакцина алған. Тамыз айына дейін бұл меже 500 мыңнан асуы тиіс. Мамандар сондай меже белгіледі. Себебі, қазір жағдай күрт қиындаған. Үміт тек екпеде.
Сәуле Атығаева, Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы медициналық орталығы директорының орынбасары:
- Сәуір басталысымен ахуал күрделеніп кетті. Мәселен, науқас қатары төрт есеге, ал коронавирустан көз жұмып жатқандардың саны бес есеге артып кетті. Егер қаңтар айында 22 адам қайтыс болса, сәуір айында қалада 104 адам вирустан жан тапсырды. Өлім-жітім артқан сайын көпшілік вакцинацияға оң қабақпен қарай бастады. Екпеден басқа, әзірге басқа амалымыз жоқ.
Теміртаудағы №1 емхананың кіреберісі. Жұрт мекеме ашылмай тұрып жарты сағат бұрын қаптап кеткен. Араларында вакцина қабылдауға, қаралуға да келгендер бар.
Павлодар облысында қазақстандық екпемен ең алғашқылардың сапында сарбаздар егілді. 6697 әскери бөлімінің сарбаздарында «Спутник V» мен «ҚазВак»-тың арасында таңдау еркі болған. Барлығы қазақстандық өнімге тоқталыпты.
Мақсат Қабеков, 6679 әскери бөлімінің қызметкері:
- Өз елімізде жасалған коронавирус індетіне қарсы вакцинаны салдырдым. Қазір жағдайым жақсы. Бүкіл Павлодар облысының тұрғындарын коронавирус індетімен ауырмас үшін осы вакцинаны салдыруға шақырамын.
Көкшетауда үй-күйі жоқ қаңғыбастар да вакцина алуға келді. Бірақ олардың барлығы бірдей бұл мүмкіндікті пайдала алмайды. Өйткені көпшілігі құжатсыз. Әлеуметтік бейімдеу орталығына келген дәрігерлер олардың барлығының денсаулығын жіті тексерді. 40 адамның 11-іне отандық QazVac вакцинасы салынды. Сондай-ақ жертөледе, құбыр бойында, тіпті далада түнеп жүрген үй-күйсіздерге үш күн арақ ішуге, салқын жерде ұйықтауға болмайтыны ескертілді.
Сапарбек Рахметшин:
- Коронавирусқа қарсы егілдім. Өзімді жақсы сезініп отырмын. Денсаулығымды тексерді. Отандық дәріні қабылдадым, алдым. Коронавирустан қорықпаймын, жақсы сезініп отырмын.
Бүгінде қазақстандықтардың бір миллионнан астамы вакцина салдырған. Оның өзінде 225 мыңы ғана екі компоненті қабылдаған. Соған қарағанда сәуірдің соңына дейін 2 миллион азаматты вакцинациялап боламыз деген денсаулық сақтау министрлігінің үлгеруі екіталай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!