Денсаулық сақтау министрлігі жоспарын жүзеге асыра алмады
Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айындағы жоспарын ақыры жүзеге асыра алған жоқ. Коронавирусқа қарсы екпені министрліктің есебінше, екі миллион қазақстандық алуы тиіс болған. Алайда вакцина салдырғандар саны 800 мыңға кем.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.04.2021
Оған тұрғындардың вакцинацияға бейжай қарауы да себеп. Өйткені екпе жеткілікті дейді министрліктегілер.
Қазір ресейлік екпемен қоса, отандық QazVac та бар. Қытайлық вакцина да елге жеткен, ал екінші жартыжылдықта дәрігерлердің қолына америкалық вакцина тиеді. Жоспардан жаңылған денсаулық сақтау министрінің есебін елордалық тілшіміз тыңдады.
Денсаулық сақтау министрі ретінде 10 айдан бері жұмыс істеп жатқан Алексей Цой бүгін екінші рет жұртқа есеп берді. Министр 20 минуттан аса баяндама оқып, коронавирус инфекциясының өршіп тұрған кезінде тек алты рет «коронавирус», 11 рет «вакцинация» деген сөзді айтты. Ал халықтың жолдаған сұрақтарының көбі министрліктің жұмысы емес, вакциналау тақырыбында болды.
Бүгінде қазақстандықтар отандық QazVac пен ресейлік «Спутник V» вакцинасымен егіліп жатыр. Мамыр айында Қытай технологиясымен арабтар өндірген «Синофарм» компаниясының вакцинасы жеткізіледі. Hayat Vax препаратын «Самұрық-Қазына» 31 миллион долларға сатып алды. Екпе бүгін өңірлерге жіберіледі.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қытайлық «Синофарм» компаниясының вакцинасының бүгін елімізге жеткізіледі. Ол барлық өңірде қолжетімді болады. Алғашқы 750 мың дозасы жан-жаққа таратылады. Отандастарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаны таңдауға кең мүмкіндігі бар.
Ел азаматтарының ішінде америкалық вакцинаны күтіп жүргендер бар. Министрлік сәуір айының соңына қарай Pfizer, Johnson & Johnson және Moderna сияқты Covid-19-ға қарсы вакцинаның 500 мың дозасын әкелеміз деген еді. Уәде орындалмады. Цой шетелдегі компаниялармен уағдаласып жатырмыз дейді. Елге қайсысының нақты әкелінетіні тағы беймәлім.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз, шынымен де жетекші америкалық компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазір вакцинаны жеткізу бойынша нақты күн аталмаған. Негізінен осы жылдың екінші жартыжылдығы көрсетілуде. Келіссөз аяқталған бойда препараттарды жеткізу мерзімін нақтылаймыз.
Бұқара сауда ойын-сауық орталықтарында ашылған вакцинациялау пунктері вирусты өршіте түседі деп уайымдайды екен. Бірақ оған министр бас қатырмайтындай. Ол орындар арқылы, керісінше, адамдардың нөпірін азайтамыз дейді. Неғұрлым пунктер көп болса, соғұрлым екпе алушылар да артпақ. Тіпті орталықтарда коронавирус жұқтырғандар болмапты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Елімізде 1 184 124 мың адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін, 239 965 адам екінші компонентті салдырды. Мыңнан аса екпе орны ашылды. 400 жылжымалы пункт бар. Ал халық жаппай жиналатын сауда орталықтарында тұрғындарды вакцинациялау – халықарлық тәжірибе. Қазір сауда, ойын-сауық орталықтарында коронавирус жұқтырған науқас тіркелген жоқ.
Вакцина қабылдаған жұрт паспорт алып жатыр. Көкейлерінде «Құжаттың қандай артықшылығы бар?» деген сұрақ сарнап тұр. Министр болашақта вакциналау паспортын қолдану аясы кеңейеді деп сенеді. Қазір құжатты біріктіруге халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда. Вакциналау паспортын Ashyq қосымшасымен біріктіру 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап жүзеге асырылады.
Бетпердені шешу былай тұрсын, коронавирусты жеңуге ұжымдық иммунитет қалыптастырылуы керек. Елдің бас дәрігерінің 11 миллион азамат вакцинаны белсенді салдырса, вирус басылар еді деген тілегі бар. Егер екпе алу бүгінгідей бәсең қарқынмен жүргізілсе, эпидемиологиялық жағдай ушығып дүрбелең болуы мүмкін. Ал төсек-орын 70 пайызға толса, ол төтенше жағдайдың орнауына әкеледі дейді Цой.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!