{metadescription}
Шенеуніктерді ашық болуға енді қалай үйретеді?
Шенеуніктерді ашық болуға енді қалай үйретеді?

Шенеуніктерді ашық болуға енді қалай үйретеді?

Қазақстанда қоғамдық бақылау туралы заң әзірленіп жатыр. Құжат мемлекеттік органдардың ашықтығын айшықтауы тиіс. Өйткені алты жыл бұрын елімізде ақпаратқа қол жеткізу туралы заң қабылданғанымен, оған министрліктер мен әкімдіктер аса бағына бермейді.

Мәлімет таратуда жайбасарлық немесе немқұрайлық, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе мен Атырау өңірлерінің атқарушы органдарында қалыпты жағдайға айналған. Ал заң талабын бұзғандар тамыр-таныстықпен жазадан сытылады.

Еліміздегі шенеуніктерді ашық болуға енді қалай үйреткелі жатыр?

Елордалық заңгерлер мемлекеттік органдардың қалай жұмыс істейтінін біледі. Мәселен, олар жақында балабақша салмақшы болған Ақмола облысындағы бір кәсіпкердің құқын қорғапты. Ғимарат салынып біткенде тапсырыс беруші  әкімдік құрылыстың ақшасын төлемеген, келісім-шартты оңай бұза салыпты. Қорғаушылар бұл жағдайды бағамдамақ болып қаржы министрлігінің қазынашылық комитетіне хат жазады. Мемлекеттік орган ақпарат беруден бас тартқан.

Артем Ким, консалтингтік компанияның бас заңгері:

Қазынашылық комитеті бізге мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпаратты алуға және сұрауға сенімхатымыз болмағандықтан, құқықтарыңыз жоқ деп жауап берді. Бұл сенімхатты ала алмайтыным түсінікті, себебі мен олардың қызметкері емеспін. Ал сұрап отырған ақпарат бюджеттің шығысы туралы болды. Негізінен ақпаратқа қолжетімділік туралы заңға сүйенсек, біз мемлекеттік немесе қызметтік құпия болмаса, мәліметтерді білуге құқылымыз. Сөйтіп сотқа жүгіндік.

Ақпаратқа шаруалар да қол жеткізе алмай жүр. Керек мәлімет мемлекеттік органдардың сайттарында жоқ. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлінеді, бірақ аймақтарға қанша тиесілі екені тағы құпия.

Мысалы, «субсидия» деген сөзді ауыл шаруашылығы жерлеріне бай – Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе облыстарының әкімдіктері білмейді екен. Мұндай ақпаратты жасыру мемлекеттік органдарда жемқорлықтың барын және мәлімет тек өз адамдарына берілетінінен хабар етеді.

Бекзат Рахимов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің департамент директоры:

- Шенеуніктер белгілі бір ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етпейді. Халық тарапынан өтініштер көп түседі, оның саны жағынан арта түскенін байқамаймыз. 2020 жылдың қорытындысының алдын ала нәтижелеріне сүйенсек, біз барлық мемлекеттік органдар ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету жағынан 100 пайызға жетеді деп айта алмаймыз. Орташа көрсеткіш шамамен 79-80 балл, яғни шамамен 80 пайыз.

Мемлекеттік органдардағы ашықтықты тағы бір мемлекеттік органның өзі бақылайды. Сарапшылар проблема осында жатыр дейді. Қолда бар заңда үшінші ойыншы жетпейді, ол  ақпаратты алушы – қарапайым азаматтар. Сол себепті де елде бұқараның өзі бақылайтын жаңа заң әзірленіп жатыр.

Нұркен Тұрғанбай, сарапшы-заңгер:

- «Қоғамдық бақылау туралы» заң азаматтарға және қоғамдық ұйымдарға мемлекеттің жүргізіп отырған жұмысына тікелей қатыса алады, бақылау жүргізеді, мониторинг жасайды. Сол ретте азаматтар өздерінің толық ақпаратты сұратып, мемлекеттік органнан, қандай да бір кемшілік анықталған жағдайда сол бақылау нәтижесі бойынша мемлекеттік органға тиісті ұсыныс енгізе алады.

Бүгінде қазақстандықтар ашық үкімет порталында мемлекеттік құрылымдардың қандай жаңа құжат әзірлеп жатқанымен танысып, оны талқылай алады. Өкініштісі, кейде ел азаматтарының жазған талап-тілегі ескерілмейді.

Елімізде 2015 жылы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданды. Тек былтыр ғана бір рет құжатқа өзгеріср енгізіліпті. Сарапшылар бұл аз деп отыр. Заңды бұзғаны үшін салынатын 44 мың теңгелік айыппұлдан мемлекеттік органдар қорықпайды. Сондықтан «Қоғамдық бақылау туралы» заң жағдайды түбегейлі өзгертіп, министрліктер мен әкімдіктер халыққа ашықтық танытып, оларға сұралған ақпаратты толық беретініне сенеді. Құжатты ақпарат министрлігі әзірледі. Жақын күндері Мәжіліс қарауына түседі.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде