Шымкентте саябақтың орнына Ислам Әбіштің қызы тұрғын үй салмақшы
Шымкентте саябақ салынады деген жерге тұрғын үй тұрғызылады. Аядай аулаға бұрын бірқатар лауазымды қызмет атқарған Ислам Әбіштің қызы құрылыс бастамақшы. Алайда тұрғындар алты қабатты қымбат үйдің салынуына қарсы.
Автор: Бек Әбиев
03.05.2021
Өйткені жапсарлас салынатын нысан тынысымызды тарылтып, емін-еркін серуендеуге кедергі келтіреді дейді жиналғандар. Құрылысы қыза бастаған аумаққа кезінде қала әкімдігі саябақ салып бермек болған. Бірақ демалыс орны кенеттен коммерциялық нысанға айналып кеткен.
- Бала-шағамыз жақсы жақсы өмір сүру үшін мына шұңқырға құлап өл десе, құлап өлуге бармыз!
Тұрғындардың ашуына көпқабаты үйдің артында жапсарлас жүргізіліп жатқан құрылыс себеп. Он шақты күн бұрын күре жол мен үй арасындағы аядай ғана жер қоршалып, ауыр техника кіргізілген. Ал қоршаудың сыртына бұл жерде алты қабатты тұрғын үй болады деген құрылыс құжаты пайда болған.
Әуелде бұл жерде тұрғындарға арналған автотұрақ болуы керек болған екен. Кейіннен шенеуніктер бұл жерге орындықтар қойып, ағашпен көмкеріп саябақ салып бермек болыпты. Бірақ арада бірнеше жыл өткенде бұл аумақ кенеттен қоршалып, құрылыс алаңына айналып кетті.
Құрылысқа қазылып жатқан жердің астында жақын маңдағы тоғыз қабатты үйлерге тартылған жуан кабельдер мен кәріз жүйесі жатыр. Соған қарамастан мұнда алты қабатты қымбат тұрғын үй бой көтермекші. Жалпы қала ортасындағы бұл аядай жерге бес жыл бұрын да өзге біреулер коммерциялық нысан салып бастаған. Ол кезде де тұрғындар бас көтерген соң, құрылыстың заңсыз екені анықталып, тоқталған көрінеді.
Ғалымжан Құрманбекұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Біз, мысалы, терезеден қараймыз. Жолдың ана арғы бетіндегі үйде не істеп жатқаны көрінеді. Ал енді мына 15-20 метрдегі үй деген, ұят емес пе? Емін-еркін жүріп тұру, бала-шаға өсіп келе жатыр. Сонша тар жерге әкеп, мына жерді Қытай қылмақшы. Қытайға барғанда көргенбіз, бір жерді бір жердің үстіне жабыстырып салғанды. Ол жерде енді халық көп, жер жетіспейді.
Құрылыс жүргізіп жатқан бір кездері облыс әкімнің орынбасары, Өскемен қаласының әкімі лауазымын атқарған, республикалық су ресурс комитетін басқарып, кейін сотталған Ислам Әбіштің қызына тиесілі екен. Кезінде жергілікті билік саябақ болады деген алақандай жердің құрылысқа берілгенін экс-шенеунік пен қазіргі басшылардың байланысынан болуы мүмкін деп топшылайды тұрғындар.
Рәмиля Тұяқбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Айналайын, қай уақытта сендердің қарындарың, көзің тояды? Ертең топырақ бәріңнің де көзіңді жабады ғой, бәріңнің де! Сендерге еш тойым жоқ па?!
Тұрғындар дүрлігіп, техниканы тоқтатамыз деген соң учаске басына шенеуніктер мен нысан басшылары да жетті. Мадина Ислам: «Құрылыс жүретіні туралы тұрғындарға ескертеміз деп ешкімді таба алмадық», - дейді. Әйтпесе бұл аумақ өздерінің жекеменшігі екен. Бұған дейін құрылыс салуға құжаттардың түгел болмағандығы ғана себеп болыпты.
Мадина Ислам, құрылыс компаниясының жетекшісі:
- Ендеше сөйлесейік, келісейік. Жер – біздікі, екеменшікте. ГАСК-тен рұқсат бар. Бүкіл құжат, жоба – түгел. Егер үкімет мына жерді сатып алып, бізге басқа жерден жер беретін болса, онда ойланып көрейік.
Экс-шенеуніктің қызы тұрғындармен келісу үшін балалар алаңшасын салуға демеу көрсетпек болған. Бірақ тұрғындар бірауыздан қарсы шықты. Енді тұрғындар құрылыс компаниясын да, оған үй салуға рұқсат берген жекеменшік компанияны да тексерсін деген талаппен бүкіл құзырлы орындарға шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!