Такси шақыртып, жүргізушісін өлтіріп тастаған – Ақмола облысы
Ақмола облысында екі мың теңгеге бола 19 жасар жігітті өлтірді деген күдікпен екі азамат ұсталды. Олар Indriver қосымшасы арқылы такси шақыртып, кейін жүргізушісін өлтіріп тастаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
06.05.2021
Қылмыс Шучье қаласында болған. Такси шақыртқан күдіктілердің бірі көліктің алдыңғы, екіншісі артқы орындығында отырыпты. Айтылған жеріне жеткізген көлік иесі такси қызметіне екі мың теңге сұраған. Бірақ олар ақша төлегісі келмеген. Сөзге келіп, бірі жақтан ұрып қылқындырса, артта отырғаны бос шөлмекпен басынан ұрып, сынық әйнекпен жарақаттаған. Марқұм Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент екен. Оны өлтіргендер мәйітті қала сыртындағы қамыстың арасына апарып тастаған. Десе де полиция алдымен қаладағы аулалардың бірінен оның «Мерседес» көлігін, одан соң күдікті екі адамды қолға түсірді. Олар 20 және 22 жастағы Щучье қаласының тұрғындары.
Әсемгүл Кочубаева, Ақмола облысы ПД тергеушісі:
- «Мерседес» көлігімен 19 жасар студент бос уақытында такси қызметін көрсетеді екен. «Индрайвер» қосымшасымен шақырып алған. Екеуі де қылмысын мойындады.Денені қай жерге жасырғанын көрсетті. Қазір адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!