{metadescription}
Доссор жұрты зиянды сордан сорлап отыр – Атырау облысы
Доссор жұрты зиянды сордан сорлап отыр – Атырау облысы

Доссор жұрты зиянды сордан сорлап отыр – Атырау облысы

Атырау облысы Доссор кентінің жұртшылығы тұзға тұншығып отырмыз деп шу шығарды. Себебі, ең алғаш мұнай атқылаған кентті қазір сор басқан. Тіршілік нышаны білінбейтін айдын көлдердің иісі қолқаны қауып, тынысты тарылтады дейді ашынғандар.

Аумағы ат шаптырым сордың көлемі жыл сайын ұлғайып бара жатыр. Ал жергілікті атқамінерлер бұл мәселеге бас қатырмайтын секілді.  

Аппақ болып жатқан айдын Доссор елдімекенін екіге бөліп тұр. Қасына жақындасаңыз көз удай ашып, кеңсірік кебеді. Ал күн ысып жел тұрса, кепкен тұздың шаңы ауаға тарап, кентті түгел басады.

Орынбасар Мыңжасов, Доссор кентінің тұрғыны:

- Бұл жерде балабақша бар. Шаң көтерілгенде аппақ тұздай ащы. Теріңнен тұздың дәмі шығып тұрады. Біреу айтып еді: «Пайдаланып, пайдаланып, қартайғанда керегім жоқ па?» деп. Енді майын алып болғаннан кейін Доссордың басшыларға керегі болмай қалған сияқты.

Жиналғандардың айтуынша тұзды сор қара алтыннан бөлініп шыққан қалдық су. Кезінде мұнай компаниясы керегін алып, пайдаға аспағанын өлке маңындағы ойпаттарға төгіп кете берген. Қазірдің өзінде ірілі-ұсақты өндіріс орындары бұл әрекетін тоқтатпай тұр.

Сайфол Ұнағанов, Доссор кентінің тұрғыны:

- Жыл сайын жоғарыдан сұраймыз. Кезінде Доссор күркіреген мұнайдың астанасы болды. Қазір енді сол мұнайымыздың бәрін алып, орнына су да дұрыс айдаған жоқ. Жас кезімізде Доссорымыз ең биікте тұрды, қазір тіпті түсіп бара жатыр. Болашақ ұрпаққа тал егіп, жерімізді көркейтуіміз керек.

Тұзды шаңның кесірінен өкпесі қабынғандар базынасын кімге айтарын білмейді. Өздері зиянды көлді топырақпен жауып, жоқ қылайын десе кедергі көп. Тұрғындар жергілікті мұнай компанияларына мәселені айтып барса, олар басын ала қашады екен. Ауыл ақсақалдары әкімдіктен әу баста күдер үзген. Ал ант-су ішуден жалықпайтын әкімдік осы жолы да жиналған жұрқа уәдені үйіп-төгіп кетті.

Болатбек Сәрсенов, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

- «ЕмбіМұнайГазға», «Енгок» мекемелеріне көмектесу жөнінде хат жолданды. «Енгок» мекемесінің өкілдері келіп шығын қалай болатыны жөнінде есептеп кетті. Қосымша хабарын береміз деп айтты. Егер екі мекеме көмектессе, болмаса басқа мүмкіндік қарастырып жатырмыз.

Доссорлықтарды сорлатқан сордың құрамында адамды азапты өлімге әкелетін химиялық элементтер өте көп дейді дәрігерлер. Қазірдің өзінде бұл ауылда дерті дендегендер көбейген. Ал тұзды сорды құртамыз деген басшылардың қырық сылтауынан тұрғындар мезі болған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

28 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде