Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз тұрғындарына Нayt-Vax вакцинасы салына бастады
Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Тараз тұрғындары Нayt-Vax вакцинасын салдыруды бастады. Әзірге халықтың бұл препаратқа деген құлшынысы байқалмады. Мамандар оның себебін Ораза айымен байланыстырады. Олар қасиетті ай өткен соң ғана кеселге қарсы екпені алатындар қатары көбейеді деген пікірде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.05.2021
Қазақстанға кеселге қарсы вакцинаның тағы бір баламасы жеткізілді. Нayt-Vax екпесін Қытай мен араб елі бірлесе ойлап тапқан. Соның 11 мың дозасы Жамбылға да жеткізілді. Әр ауданға жөнелтіліп, егу басталды. Алғашқылардың бірі болып теміржолшылар салғызды.
Үмітбек Рысбеков, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Жамбыл филиалының директоры:
- Вакцина алдым. Еш өзгеріс байқалмайды. Әркім, әрқалай айтып жатыр. Қорықпай-ақ салдырдым.
Үмітбек мырзаның өзі бастап салдыруы бекер емес. Басшы өзгелерге үлгі көрсетіп, ұжымды вакцина алуға шақырып отыр. Бірақ жұмысшылардың белсенділігі әзірге байқалмайды. Дегенмен эпидемиологтар әлемде араб-қытай екпесіне сұраныстың жоғары екенін айтады. Таразда бір күнде 300-ден аса адам екпе алды. Әзірге ешбірінен шағым түспеген.
Гүлфайра Мырзабекова, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы:
- Бұл энкативтік вакцина. Екі рет егіледі. Арасы 21 күн. Біздің отандық вакцинамен технологиясы бір. Ерекшелігі, «Спутник V» сияқты -20, -18 градуста сақталынып тасымалдайтын арнайы мұздатқыштың қажеті жоқ.
Алматылықтар қытайлық екпеге үрке қарайтын тәрізді. Бұл аймаққа шетелдік препараттың 15 мың дозасы екі күн бұрын жеткізіліп тиісті бөлімшелерге таратылған. Дәрігерлер егуге бүгін кірісті. Нayt-Vax-ты бір күнде бар болғаны 240 адам салдырған.
Гаухар Байбосынова, Медеу ауданы алғашқы медицина-санитарлық көмек орталығының дәрігері:
- Бұл вакцинадан бөлек, бізде «Спутник V» Ресей мемлекетінің шығарған вакцинасы бар. Отандық Qaz-Vac бар. Адамдар келгеннен кейін вакцинаны өзі таңдайды. Қай вакцина салғысы келсе, сол вакцинаны салып береміз.
Нұр-Сұлтанда да дәл осы жағдай. Тұрғындардың қытайлық екепені салдырауға құлшынысы төмен. Есесіне отандық Gaz-vac вакцинасына сұраныс артыпты. Аймаққа жеткізілген 6 мың дозадан 600-і ғана қалған.
Әйгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Отандық вакцинаны алам деушілер өте көп. Өте жақсы көрсеткіш. «Хаят Вакс» вакцинасы өткен аптада 7 400 мөлшерде жеткізілді. Қазір қоймада оның 7 мыңнан астам дозасы бар.
Тұрғындар қай вакцинаны қабылдайды, оны әркім өзі таңдайды. Қазір әр өңірдің денсаулық сақтау басқармасы қоймасында Нayt-Vax, Gaz-vac, «Спутник V» вакциналары бар. Әзірге бұл препараттарға тапшылық жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!