Франция барлық азаматтарына вакцина салатынын мәлімдеді
Үндістан коронавирус бойынша антирекордты қайта жаңартты. Мұнда бір тәулікте індет жұқтырғандар саны 412 мыңнан асты. Әлем үнді халқына геноцид келді деп дабыл қағып жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.05.2021
Еуропада екпе салдыру қарқын алды. Кейбір мемлекеттер тұрғындарын вакцинаға үгіттеуге ақша төлейміз деген шешім қабылдаған.
Жедел жәрдем көлігі стационарды алмастырды. Ауруханалар аузы-мұрнына дейін толып, бір көліктің ішіне бес науқасқа дейін жатқызуға мәжбүр. Мұндай көрініс Үндістанның барлық жерін жайлаған. Елде коронавирус бойынша көрсеткіш қайта жаңарды. Соңғы тәулікте 412 мың тұрғын індет жұқтырып, 4 мың адам бақилық болды. Ауруханаларда орын жоғы өз алдына, дертке дауа табыларына кепіл жоқ. Өйткені сұйық оттегі тапшы. Ол жасанды тыныс алу аппаратының жұмыс істеуіне қажет. Дәрігерлердің қолдан келер қайраны жоқ. Кеселмен тиімді күресудің жолын таппай отыр.
Сандип Найар, Респираторлық ауруларды емдеу орталығының директоры:
- Аурудың таралу көрсеткіші күн сайын көбейіп барады. Бұрын ПТР-тесттің 4-5 пайызынан ғана ауру расталса, қазір кейбір штаттарда 25-30 пайызға дейін анықталып жатыр. Вирустың жаңа штаммы қауіпті. Өліп жатқандар көп. Әсіресе вирусты жастар жиі жұқтыруда. Қауіпті фазасы вирус жұқтырғасын тоғыз күннен кейін басталады.
Үндістанда мыңдаған вакцинация пункті ашық. Бірақ көбінде екпе жоқ. Өндірушілер жаз ортасына дейін тапшылыққа төзу керек екенін қазірден ескерті. Ел билігі эпидемияның жаңа толқынына түбегейлі дайын болмай, оның салдары осындай жағдайға әкеліп соқтырды.
Франция ресми түрде вакцинация саясатын өзгертті. 12-мамырдан бастап елде жас ерекшелігіне қарамай барлық азаматты жаппай егеді. Бұл туралы Эммануэль Макрон мәлімдеді.
Эмманнуэль Макрон, Франция президенті:
- Біздің көздегеніміз не? Әлбетте, қолда бар барлық вакцина дозасын қолданып, алға жылжуымыз керек. 15-мамырға дейін, кемі 20 млн тұрғын екпе салдыруы тиіс деген жоспарымыз бар. Ал маусымның ортасына дейін ол көрсеткіш 30 млн-ға жетеді.
Германияда «АстраЗеника» компаниясының вакцинасын кәмелетке толған кез келген азамат жас санаты мен кәсібіне қарамай салдыра алады. Осыған дейін неміс сарапшылары «АстарЗеника» екпесін 60 жастан асқан тұрғындарға қабылдауға кеңес берген. Қазір Германияда халықтың 30 пайыздан астамы вакцина алып үлгерді.
«Екпе салдырып ақша тап». Дәл осындай ұранмен Сербия билігі жұртын жаппай екпе қабылдауға шақырып жатыр. Басты мақсат – аяқ тартып, тәуекелге бара алмай жүргендердің дұрыс қадам жасауына сеп болу. Мамырдың 30-на дейін вакцина салдырғандарға 25 еуродан үлестіріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!