Алматылықтарды теректен төгілген құрттар үркітуде
Алматыда жасыл желекті ағаш құрты жайпап барады. Қалада соңғы жылдары теректің үңгі егеуіші қаптап кеткен. Ағаштан жаңбырша төгілген зиянкестердің кесірінен тұрғындар көшеге шығудан қалыпты. Экологтар жыл сайын теректің жауына айналған зиянкестерге қарсы миллиондаған қаражат желге ұшып жатыр деп қынжылады. Терек жапырағына қырғидай тиген құрттың адамға зияны бар ма?
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
11.05.2021
Алматыда соңғы жылдары теректің үңгі егеуіші қаптап кетті. Зиянкестер тамырын тереңге жайған теректердің түгін қалдырмайтын түрі бар. Нақтырақ айтсақ, сарғыш құрттар жапырақтың ішкі жағына жабысып сөлін сорады. Ал құрт тиген ағаш сұрықсыз күйге түсіп, ақырында шіріп тынатыны сөзсіз.
Терек біткеннің жауына айналған құрттың көбейіп кеткенін көше тазалайтын Әсет те байқаған. Жігіт ағасы бұрын-соңды көрмеген бұл зиянкестерден биыл ағаштар ерекше зардап шеккенін айтады.
Әсет Оразбек, көше тазалаушы:
- Бір апта бұрын аздап түсе бастады. Осы екі күннен бері тіпті көп түсті. Теректен, жоғарғы жағынан түседі. Етек жағында көрінбейді. Құстар жеп жүреді. Жылда көрмеймін. Биыл қайдан пайда болғанын білмеймін.
Төбеден төгілген құрттар тұрғындардың да үрейін ұшырды. Алматылықтар зиянкестермен күресті күшейтпесе, қаланың жасыл-желегі құрып біте ме деп алаңдайды.
Жолдас Тайтелиев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ағашқа обал. Асфальтқа құрт толып кетті. Ағаш тамырына зиян. Кәдімгідей жаңбырдай жауып жатыр ғой. Қарауға, басуға жиіркенішті.Дәрілеу керек. Дәрі жетпейді ғой.
Экологтар ағаштарды түрлі сұйықтықпен улаудың пайдасы шамалы деп отыр. Табиғат қорғаушылар теректің үңгі егеуішімен күресудің ең тиімді жолы - биологиялық әдіс екеніне сенімді.
Тимур Елеусізов, эколог:
- Бұл құрттармен қалай күресеміз? Менің ойымша, химиялықтан гөрі биологиялық әдіс дұрыс. Яғни құстарды көбейту керек. Себебі, улы қоспалар ағаштың төменгі жағына себіледі, жоғарғы жағы сол күйі қалады. Содан құрттардың саны арта түседі. Зиянкестерге қарсы миллиондаған қаражат бөлініп жатыр. Бірақ пайдасы шамалы.
Ағаштарды өңдеумен айналысатын өсімдік қорғау институтының мамандары жұмыстың кеш басталуына ауа райы кедергі дейді. Улау шарасын кезең-кезеңмен атқарамыз деп ақталған олар аталған зиянкестің адам денсаулығына еш зияны жоқ екенін жеткізді.
Нұргелді Кеңес, Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының маманы:
- Жасыл экономика басқармасының қолдауымен өңдеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Барлық аудан бойынша. Бірінші көше, сосын саябақ, сосын аулаларға жасалады. Барлығы кезең-кезеңімен. Сәуірдің аяғында бастадық. Жұмыс қыркүйекке дейін жалғасады. Адамға ешқандай зияны жоқ.
Қалада жайқалған жасыл-желекке шабуыл жасайтын зиянкестің 30-ға жуық түрі бар. Алайда оларды толық жою мүмкін емес дейді мамандар. Тек зиянкестердің санын азайтуға көмектеседі екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!