COVID-19: Науқас саны 346 мыңнан асты
Елдің алты өңірі әлі «қызыл» аймақтың құрсауында. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары ауру асқынып тұрған өңірлердің тізімінде. «Сары» аймақта тұрған облыстарға қатысты статистика осы демалыста өзгермеді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.05.2021
Шымкент қаласы, Атырау, Ақтөбе, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары үш түсті көрсеткіштің бел ортасында болса, қалған өңірлер «жасыл» белдеуде. Былтыр пандемия басталғалы Қазақстанда 400 мыңнан астам адам COVID-19 жұқтырып және коронавирус пневмониясымен ауырған.
Соңғы тәулікте елде 1800-ге жуық азамат індет жұқтырды. Әдеттегідей антирекордта Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда дерт 430 адамға дендеген. Қарағанды облысы ауру көрсеткіші бойынша астананың алдын орап, статистикада екінші тұр. Орталық өңірде 262 тұрғын науқастардың сапына қосылды.
Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 25 адам қайтыс болды. Ал 1766 азаматтан COVID-19 инфекциясы анықталды. Осылайша науқастардың жалпы саны 346 мыңнан асты. Коронавирус құрбандары 3948 адамға жетіп жығылды. Ал қос өкпесі қабынғандар тағы 7 адамға көбейді. Коронавирус пневмониясынан бақилық болғандар 837 адам.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!