Парапланмен құлаған нұсқаушы өмір мен өлім арасында жатыр
Алматы облысында парапланмен оңбай құлап зардап шеккен нұсқаушы өмір мен өлім арасында жатыр. Оның қасында болған 17 жасар жігіттің де халі ауыр. Екеуі Үшқоңыр тауынан секіремін деп апатқа ұшыраған. Бұған кенет соққан жел себеп болған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
11.05.2021
Үшқоңыр тауында парапланмен секіру федерациясының арнайы жерлері бар. Экстремалды спорт түрінің өкілдері осында 10 жылдан бері келушілерді көкке ұшырумен айналысады. Дәл солай Жеңіс күнінде 50 жастағы тәжірибелі инструктор мен 17 жасар жігіт биіктіктен секіріп, арты қайғылы аяқталды.
Ержас Тоқтасынов, Шамалған ауылдық округінің әкімі:
- Ұшып келе жатып, қонатын кезде желдің көтеріліп кетуі себебінен басқа жаққа бұрып жіберген. Электр сымдарын салмағымен бірге алып кеткен. Сөйтіп құлаған.
Олар шамамен 200 метр биіктіктен құлаған дейді шенеунік. Оңбай мертіккендер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Апатқа ұшыраған параплан Үшқоңыр тауының ең биік жерлерінің бірінен ұшырылған. Онымен жоғарыдан төменге түсу уақыты шамамен 6 мен 10 минут аралығында. Ал мұндай сапардың құны қазір орташа 15 мың теңге.
Сол күні ұшу құрылғысын басқарған Дмитрий Гридасов өте тәжірибелі инструктор екен. Онымен бірге секірген жігіт шәкірті ме, әлде демалушы ма, ол жағы белгісіз. Қазір науқастардың бірі травматология, енді бірі жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Жамбыл Бердалиев, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының травматолог дәрігері:
- Бір науқас өте ауыр халде. Жан сақтау бөлімінде жатыр. Түрлі дене жарақаттарымен, басы, жамбас сүйектері сынған. Екінші науқастың жағдайы орташа ауыр. Ол бөлімшеде жатыр. Бас ми жарақатымен және сонымен қатар омыртқасы сынған.
Параплан апатынан Шамалғандағы жарық бағаналарына зақым келген. Қазір мамандар оны қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. Ал келген шығынды парапланмен секіру федерациясынан талап етеді. Полицейлер де оқыс оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!