Риддерде үйін тастап қашқан жұрт қайда тұрып жатыр?
Риддердегі алапат өртте үйі күлге айналғандардың ешқайсысы көшеде қалмайды. Барлығына мемлекет есебінен тегін баспана берілетін болды. Соңғы мәлімет бойынша, 83 адам үй-жайынан айырылған. Шұғыл көшірілгендердің 10-ы – бала. Үйін тастай қашқан жұрт қазір қайда тұрып жатыр? Тілшілеріміз апат орнында болып, қарашаның хал-жағдайын біліп қайтты.
Автор: Аруна Ортай
11.05.2021
Лидия Карыпова – кешегі өрттен соң көшеде қаңғып қалғандардың бірі. Күлге айналған үйін көріп, өксігі тамағына тығылған қария шыны ыдысын көріп жылауға шақ тұр. Бұл банкінің ішінде 82 жастағы зейнеткер нан-пұлға деген соңғы ақшасын сақтап қойған екен.
Лидия Карыпова:
- Полиция қызмкеткері жүгіріп келіп, құжаттарыңызды алып, үйден тез шығыңыздар деді. Құжатымды ғана алып үлгердім. Кеше ғана зейнетақы алған едім.Ол ақша да өртеніп кетті. Үстімдегі киімнен басқа ешнәрсем қалмады.
Өрт лап қойғанда асханада қамыр илеп жатқан екен. Үй киіммен қалған зейнеткерді көршілері паналатып отыр. Қазір мұнда қариялар тұрмақ, жастар қайда барарын білмей дал. Мәселен, Соколовтар отбасы жақында ғана шаңырақ құрған. Сылағы әлі кеппеген, жап-жаңа үйін кешегі өрт жермен-жексен етті. Оксана құжаттарын да алып үлгермеген. Тек есік алдында байлаулы тұрған ит пен сарайдағы малын босатуға шамасы жеткен.
Оксана Соколова:
- Біздің малымыз бар. Алысқа көшіп кете алмаймыз. Көшкенде қайда барамыз? Сондықтан үйді қайта соғамыз деп отырмыз. Ертеңгі күніміз не болады? Білмейміз. Қатты қорқып отырмыз.
Барлығы 37 үй өртенген. 83 адам далада қалды. Оның 10-ы бала. Үйсіз қалған 13 адам жатақханаға орналастырылды. Қалғаны туыстарын паналады. Барлығы дерлік үй киіммен шығып кетіпті. Тым болмаса құжатын тауып алуға үміттенген жұрт өртенген үйлерінің орнына қайтып келгенімен, қара жерді шұқып қалды. Дегенмен атқамінерлер өрт кесірінен үйсіз қалған бірде-бір отбасы далада қалмайды деп сендірді.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Үйсіз қалған азаматтардың барлығына баспана беріледі. Егер кімде-кім үйін қалпына келтіргісі келсе, біз мемлекет есебінен қалпына келтіруге көмектесеміз.
Даниал Ахметов дүние-мүлікті де қалпына келтіріп беруге сөз берді. Одан бөлек, жұрт арасында кешегі қызыл жалында тұрғындармен бірге өрт сөндірушілер де қашты деген алып-қашпа әңгіме тараған. Алайда облыс басшысы құтқарушылардың маңдай тер еңбегіне шүбә келтіргендерді тыйып тастады.
- Қашты деп айтқандармен мен мүлдем келіспеймін! Олардың жанын шүберекке түйіп күрескенін өз көзіммен көрдім!
Ал үйлердің күлі көкке ұшып, жермен-жексен болуына сарайда сақтаулы тұрған газ баллондары да себеп болған екен. Өрт кезінде бірінен соң бірі жарылып, өрт сөндірушілердің өміріне қауіп төндірген. Сондықтан газ баллондарына қатысты да тексеру басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!