Риддерде 300 гектардай алқап пен 35 үй күлге айналып, 83 тұрғын далада қалды
Риддердегі орман өртіне кінәлі деген күдікті ұсталды. Ол – 35 жастағы қала тұрғыны. Полиция қазір барлық бейнежазбаларды сараптамаға алып қарап жатыр. Риддер қаласының аумағында төтенше жағдай жарияланды. Кеше басталған өрт бір тұрғынның өмірін жалмап, екеуі оңбай күйіп қалған. 300 гектардай алқап пен 35 үй күлге айналды.
Автор: Ербол Тұрымбет
11.05.2021
Қазір өрттің ошағы өшірілген. Ал зардап шеккен жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін қайырымдылық акциясы басталды.
Өрттен бір күнде ойраны шыққан Лесной кенті. Орманда басталған кешегі өрт дүлей желдің кесірінен тез тарап 283 гектар аумаққа жайылған. 37 үй күлге айналып, 83 тұрғын далада қалды. Құтқарушылар өртенген үйлердің бірінен зейнеткердің мәйітін тапқан. Тағы екеуі оңбай күйіп, қазір ауруханада жатыр. 500-ге тарта маман мен 70 шақты техника және бірнеше тікұшақ өрт сөндіру жұмысын дамылсыз атқарған.
Талғат Уәли, ҚР ТЖМ баспасөз хатшысы:
- Сағат таңғы 7-дегі ақпарат бойынша, Лесхоз елдімекенінде өрт толық сөндірілді. Орман өртінің периметрі бойынша ашық өрт байқалмайды. Жекелеген аумақтарда, учаскелерде ағаш діңгектерінің түтіндеп жатыр. Қазір сөндіру әлі де жүргізіліп жатыр.
Шығысқазақстандық полицейлер өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын 0-мамыр күні бастап кеткен. Бүгін күдікті де ұсталды. 35 жастағы Риддер қаласының тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру бабымен іс қозғалды. Енді ол 6 миллион теңгедей айыппұл арқалайды немесе 2 жылға сотталуы мүмкін.
Елдос Закимов, ШҚО ПД бастығының орынбасары:
- Қазір полиция департаментінде арнайы тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері бейнебақылау және бейнетіркеу жазбаларын қарап жатыр. Сондай-ақ куәгерлерден де түсініктеме алынды. Іске қатысты тиісті сараптама тағайындалды. Қазір 15 адамнан тұратын тергеу тобы өртенген үйлерді қарап жатыр.
Ең қиыны, орманның қайта қалпына келуі. Бұл жерге қайтадан қылқанжапырақты орман ағаштары егілгенімен, олардың өсіп-өнуіне 10-15 жыл керек. Сол аралықта орманды күтіп-баптап отыруға мемлекеттен қыруар қаражат жұмсалады. Экологтар осы орайда елдегі 120 орман шаруашылығының жағдайы мүшкіл, осыған назар аудару керектігін айтады.
Сәкен Ділдахмет, эколог:
- Әкімдіктер уақтылы орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жаңартпайды. Өшіретін трактор, комбайндардың барлығы бүгінгі күні ескі. Оларды жаңарту керек, қаржы бөліп. Уақтылы орманшы мамандарды дайындап, олардың өшіретін құралдары болуы керек. Арнайы мобильді топтар құрылып, олар уақытыл реакция жасау керек. Міне, осындай жұмыстар кенже қалуда.
Статистика бойынша, Қазақстанда орман алқабы жалпы территориямыздың 4,7 пайызын ғана алады. Осынша аз көрсеткішті көздің қарашығындай сақтау үшін алдын алу шараларын күшейту керек. Ал Риддердегі өрт төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше осы сәттерде өшіріліп болды.
Қазір Риддер қаласы аумағында төтенше жағдай жарияланып, Лесной кентінің тұрғындарына көмек көрсетуге «Риддер, біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы басталған. Алғашқылардың бірі болып, бүгін парламент депутаттары бір күндік жалақысын көмек ретінде аударатын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!