Ойыл өзені экологиялық апаттың алдында тұр – Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысындағы ең ұзын Ойыл өзені экологиялық апаттың алдында тұр. Мамандар үш жылдан бері табанына су тұрмаған өзеннің қазіргі ахуалына шеуненіктер мен бизнесмендерді кәнәлайды. Өйткені шаруашылыққа жерді жалға алғандар суды заңсыз бөгеп алған.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.05.2021
Ал осы күнге дейін оған құзырлы мекемелер ешқандай бақылау жүргізбепті. Әкімдіктегілер Ойылдың бойында қазір қанша бөгет барын білмейді.
Ойылдың арнасы кепкелі өзен бойын жағалаған жұрттың өзегі талды. Мал тұрмақ, ішер суға зар болған елдімекендер бар. Әсіресе Атыраудың Қызылқоға жағында ауыл халқы үдере көшіп жатыр. Биыл қар қалың жауғанымен, Ойыл қалпына келмеді. Көктем шыққалы үш рет экспедицияға шыққан табиғат жанашырлары өзеннің тартылуына заңсыз бөгет салған бизнесмендер кінәлі дейді. Жерді жалға алғандар бас пайдасы үшін өзен сағасын бітеп алған.
Нұрлан Есенғазы, экспедиция мүшесі:
- 38 бөгет тауып отырмыз. Бірақ ол 38-ден де көп. 80-ге дейін барып қала ма деген болжам бар. Бөгеттерді бұрынғыдан бетер көтеріп тастаған. Ені де, ұзындығы да 5 метр. Тіпті қарауыл қойып қойған, ешкімді кірзібейтіндей, плотина салып тастаған.
Ақтөбе облысы бойынша Ойыл өзенінде мемлекет тіркеуіне алынған алты-ақ бөгет бар екен. Ал қалғандарының қашан, кімнің бөгегенін шенеуніктер де білмейді. Тіпті заңды тіркелген бөгет санынан өздері шатыса бастапты.
Болат Тасболатов, Ақтөбе облысы табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:
- Нақты Ойыл өзенінде бір бөгет бар. Тамдыкөл деген шлюз. Шаруашылық қызметін де тексереміз. Анықталған бөгеп тұрған бөгеттер болса, Ойыл өзеніне құятын, өзендердің бәрін анықтаймыз. Шара қабылдаймыз.
Ойыл бойындағы тұрғындар мен табиғат жанашырлары екі жылдан бері бөгет мәселесін айтып түрлі мекемеге арызданған. Бірақ қыбыр еткен жан болмапты. Су комитетіндегілер мен жергілікті әкім-қаралар ғылыми зерттеу жұмысын енді ғана қолға алған. Апта аяғында сарапшылары бақылауға шықпақшы. Тек осы тексерістен кейін суы сирақтан аспайтын Ойыл өзені қайта қалпына келер деген үміт бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!