{metadescription}
Алматыда жалақысы кесілген курьерлер наразылыққа шықты – Wolt
Алматыда жалақысы кесілген курьерлер наразылыққа шықты – Wolt

Алматыда жалақысы кесілген курьерлер наразылыққа шықты – Wolt

Алматыда Wolt қызметінің курьерлері жаппай наразылыққа шықты. Жұртқа ыстық тамақ тасумен нәпәқасын тауып жүрген жігіттердің айтуынша, басшылық ескертпестен жалақысын азайтып тастапты. Бұған дейін жүріп өткен әрбір шақырымға 195 теңге төленіп келген екен. Енді соны 45 теңгеге дейін қысқартқан.

Төлемақыны төмендеткендер оның себебін түсіндіруге де жарымапты. Қосымша қожайындарының бұл қылығына ашынған курьерлер жұмысқа шығудан түгел бас тартып, компания кеңсесінің алдында шу шығарды.  

- Әділ ақымызды төлесін! Әділ ақымызды төлесін!

Әділеттілік талап етіп айқайлап тұрған небәрі 20-25 жастағы жігіттер. Бәрі де таңның атысымен, күннің батысына дейін тамақ тасып күнін көрген курьерлер. Күннің ыстық-суығына қарамай, қала ішінде бірі көлікпен, енді бірі жаяу шапқылап жүреді. Сөйтіп күніне 10-15 мың теңге табады. Айтуларынша, компания басшылары ескертпестен ақшасын кемітіп тастаған.

Бауыржан Әділхан, курьер:

- Шамамен бір курьер бір айда 200 мың теңге алатын болса, оның 60 мың теңгесін жеп қойды. Оның үстіне 20 пайызға жуық төлейтін салығымыз бар. Әр курьер осы жерде салық төлейді, сонда өзімізге ешнәрсе қалмай тұр. Негізі біраз болды, жайлап-жайлап түсіріп келді, бірақ ол сезілмеді. Бірақ бұл жолы енді күрт өзгертті. 3-тен бір пайыз!

Тамаққа тапсырыс беруге болатын Wolt қосымшасымен көбісі бүтін бір отбасын асырап отыр. Неғұрлым көп тапсырыс қабылдаса, соғұрлым табысы да көбейеді. «Бұған дейін әр шақырымға 195 теңге төленетін», - дейді курьерлер. Енді соны 45 теңгеге түсіріп тастапты. Жалақысы едәуір кеміп қалған жігіттер енді қалай күн көрерін білмей дал.

Әлияр Әкімов, курьер:

- Көбісінде несие бар. Оған да ақша керек. Әрі қарай қалай жұмыс істеуіміз керек? Компания жақсы табыс тапқанымен, бізге жалақыны төмендетіп жатыр. Басшылар ешкім шыққан жоқ. Телефонға жауап бермейді. Бізбен санаспай тұр.

Компания басшылығы жағдайды түсіндірмек түгілі, жиналған жұртты күштеп есіктен қайтарғысы келді.

Жарты сағатқа созылған текетірестен кейін күзетшілер сабасына түсіп, басшылар да ақыры төбе көрсетті. Айтуларынша, жалақыны қысқартуға ораза айы себеп болыпты.   

Әлибек Есов, Wolt kомпаниясының бас директоры:

Ораза, Рамазан айын болғандықтан, тапсырыс азайды. Табыс та төмендеді. Сол себепті біз қазір жұмысқа ешкімді алып жатқан жоқпыз. Екіншіден, курьерлер тек ақша көп төленетін тапсырысты қабылдап, арзаны қалып жатыр. Тепе-теңдікті сақтау үшін межені азайтып тастадық.

Яғни тапсырыс азайып, компанияның қалтасына нұқсан келтірген. Десе де бүгінгі жағдайдан соң жиналыс ашып, курьерлермен ортақ мәмілеге келуге сөз берді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде