«Бұрынғы министрлер бес рет уәде берген, жұрттан ұят» – Интернет
Келесі жылы ауылдағы ағайынның интернетке қолы жетеді. Бұған цифрлық даму министрі Бағдат Мусин кәміл сенеді. Шенеунік өзіне дейінгі министрлердің бұқараға үйіп-төккен уәдесін біле тұра, кезекті рет мәжілісмендерге «интернетті дұрыстаймын» деп сөз берді. Алайда жыл сайынғы өтірік мәлімет депутаттарды шаршатқан.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.05.2021
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Сізге бір өтініш бар. Жас министрсіз, жаңа келдіңіз. Осы жұмысты бір нәтижеге жеткізіңізші. Жарай ма? Елден, халықтан ұят емес пе? Бұрынғы министрлер бес рет уәде берген. 2012 жылдан бастап айтқан уақытты бес рет жылжытты. Бүгін 2022 жыл деп отырсыз. 2012 жылдан бастап, Құдай қаласа, келесі жылы 10 жыл болады.
Қазір Қазақстандағы 1 200 ауылда интернет мүлдем жоқ. Тағы 500-ден астамында интернет сапасы өте төмен. Жас министр осы 500 елдімекенге сапалы интернет тартуды көксеп отыр. Негізінен бұл жерлер техникалық жағдайға сай кейінге шегерілген екен.
Мусиннің ісі басқалары секілді шала болмаса, әлгі интернеттен мүлдем хабары жоқ 1200 ауыл жұрты да өркениеттің рахатын көрмек. Ал 50 адамнан аз тұратын жерлерге интернет тарту мәселесі әлі талқыланып жатқанын айтқан министрді мәжілісмендер қолдайтынын жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!