{metadescription}
Үлкен Алматы арнасын қоқысқа толтырған  
Үлкен Алматы арнасын қоқысқа толтырған  

Үлкен Алматы арнасын қоқысқа толтырған  

Өзен арнасына араша керек. Алматы облысының тұрғындары Іле ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің арнасы қоқысқа толғанын айтып дабыл қақты. Табиғат жанашыларының айтуынша, кезінде балығы тулап жататын арнаны құрылыс қалдықтары басып қалған.

Соның кесірінен экологиялық апат туды деген тұрғындар бас пайдасын көздегендерге тезірек тыйым салуды сұрайды. Ал аталған аймақтың сырты қоршалғандықтан, сол маңдағы сұмдықты енді байқадық деп ақталған шенеуніктер арнаны тазартқызып, кінәліні жауапқа тартамыз деп сендірді.

Балалық шағының сәулелі сәттерін Үлкен Алматы өзені жағасында өткізген Евгений Огородников өз-көзіне сене алар емес. Қарапайым табиғат жанашыры ала жаздай түрлі құс мекен етіп, балығы тулап жататын өзен арнасының қазіргі сиқына қапалы. Бей-берекет төгілген құрылыс қалдығы кәдімгі қоқыс полигонын елестетеді.

Евгений Огородников:

Осы жерге жақын маңда ер жеттім. Бала кезімде өзенге келіп шомылып, балық аулайтынбыз. Сазан дейсің бе, әйтеуір балықтың неше түрі жетіп артылатын. Енді баламды өзенге алып келейін десем, қоқысқа толып кеткен. Қарасаң жүрегің ауырады. Өзен арнасы тезірек қалпына келсе екен деймін.

Өзеннің экологиялық ахуалына алаңдағандар қармаққа ілігетін балық пен қамыс арасына ұя салатын құстың азайғанын айтады. Тіпті үйілген қоқыстан арна жағалап жүру мүмкін емес. Табиғаты көркем аумақтың қашан  қалдық төгетін орынға айналғанын ешкім білмейді. Ал әкімдік өкілдері мұндай сұмдықты тұрғындар дабыл қаққасын аңғардық дейді. Өйткені жекенің меншігіндегі жер телімі қоршалып, сырт көзге ештеңе байқалмапты. Десе де өзенді қоқыспен толтыруға рұқсат жоқ дейді шенеуніктер.  

Ержан Әубәкіров, Ащыбұлақ ауылы округі әкімдігінің өкілі:

- Негізі жер жеке тұлғалардың жері. Ал өзен мемлекеттікі. Бұл кісілер қоқысты қабылдап төккен. Әрине, әкімшілік жаза қарастыралады. Айыппұл да салынады. Заң жүзінде бәрін қарастырамыз.

Арнайы топ қоқыс алаңына айналған аумақты тексеріп жүрсе де, құрылыс қалдықтарын тиеген көліктер толастамады. Барлығы жүргізушілерді кері қайтарып әлекке түсті. Тіпті полиция күзетшіге әкімшілік хаттама толтырып ескерту жасады. Ал өзен арнасын астан-кестең еткендердің әрекетін прокуратура бақылауына алыпты.

Қазір қоқыс төгуге рұқсат берген жер иесінің кім екені анықталып жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жақын күндері өзен арнасы тазартылып, кінәлілер жазаға тартылады. Ал табиғатқа келген залал көлемін экологтар анықтайды дейді әкімдіктегілер.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде