Риддерде өрттен зардап шеккен жұртқа ел болып көмек көрсетуде
Риддерде өрттен зардап шеккен жұртқа ел болып көмек көрсетуде. Гуманитарлық көмекті алғаш болып аттандырғандардың бірі – Кереку өңірі. Павлодар облысының тұрғындары азық-түлік пен қатар киім-кешекті де молынан жіберген. Қазір бар дүние-мүлкі күлге айналып далада қалған тұрғындарға қолдау қажет.
Автор: Ұлан Нұрахмет
13.05.2021
Өрт лап қойғанда бар дүние- мүлкін тастап қашқандардың бірі – Анна Исинева. Қас-қағым сәтте қарқыны қатты қызыл жалын оның баспанасын жермен-жексен еткен. Далада қалған отағасы екеуі қазір қонақ үйді паналауда. Бір сәтте бәрінен айырылған отбасы тек бір қабат киіммен қалған.
Анна Исинева, Риддер қаласының тұрғыны:
- Жұмыстан келіп тынығып жатқам. Балаларым мен жолдасым әлі үйге келмеген. Оянып далаға қарасам, айнала түгел жанып жатыр. Тек құжаттарды ғана алып үлгердім. Нан-пұлға деген ақшамыз да жанып кетті. Жұрт болып бізге қолдау білдіріп жатыр. Бәріне рақмет!
Тілсіз жаудан 83 адамның далада қалғаны анықталды. Дегенмен оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жергілікті тұрғындармен қатар еліміздің әр өңірі көмек қолын созуда. Алғаш болып азық-түлік пен киім-кешек толы гуманитарлық көмек Керекуден жеткізілді. Өзге қалалардан да қайырымдылық керуені жолға шыққан.
Сұңқар Асқаров, Риддер қаласының агротехникалық колледжінің директоры:
- Қала тұрғындары және облыс аумағынан көптеген жерлерден көмек қолын созып жатыр. Бүгінгі таңда азық-түлік, киім-кешектің мол қоры жиналды. Қазір белсенділердің көмегімен реттеліп берілуге дайын.
Әзірге азық-түлік 30-ға жуық отбасына таратылды. Ал киім-кешекті әркім өзіне керектісін таңдап алуда. Еріктілер тілсіз жаудан зардап шеккендерге қолдау білдіруге ниеттенген қайырымды жандардың қатары қалың екенін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!