Бір жылда әр отбасы ем-домына қанша қаражат жұмсады?
Елімізде дәрі-дәрмек бағасы аспандап кетті. Жыл ішінде препараттардың құны кейбір аймақта 20 пайызға көтерілген. Осылайша жұрт дәрі-дәрмекке әлдеқайда көп шығынданатын болыпты. Яғни, бір жылда әр отбасы ем-домына қажетін сатып алуға орта есеппен 47 мың жұмсаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Айман Нұрмағанбет, Айзат Тұрғынбекқызы
13.05.2021
Ал қарапайым халық шын мәнінде дәрі-дәрмек құны сарапшылар есептеген бағадан әлдеқайда қымбат дейді.
Елімізде ең қымбат дәрі-дәрмек Маңғыстау облысында. Мұнда дәріханадағы тауарлардың бағасы бір жылда 23 пайызға өскен. Бұл, әсіресе созылмалы аурумен тіркеуде тұрғандардың қалтасын қағып жатыр. Мәселен, қант диабетімен ауыратындарға қажет дәрілердің бірі бұрын 3 мың теңге тұрса, қазір 5200-ден сатылып жатыр.
Тамара Қанғожина, Ақтау тұрғыны:
- Зейнетақымның бәрі дәріге кетеді. Былтыр 740 теңгеге алып жүрген препарат қазір 1400 теңге. Қан қысымын реттейтін 1360 теңгелік дәрі 2610 теңге. Яғни еке есеге қымбаттаған.
Ақмола облысында дәрі-дәрмек бағасы 11 жарым пайызға өскен. Кейбір науқас жаны қысылғанда тауарды бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр.
Тамара Данилова, Көкшетау тұрғыны:
- Міне, дәл қазір дәріханадан келе жатырмын. Жүрек ауруына арналған препаратты 1500 теңгеге сатып алдым. Ішінде бар-жоғы 25 түйір дәрі. Бір айға да жетпейді.
Сарапшылар еліміздегі дәріханаларда, әсіресе йод спиртті ерітіндісінің қатты қымбаттағанын айтады. Оның бағасы шамамен 20 пайызға көтеріліпті. Этил спирті бұрынғыдан 16,8 пайызға жоғары бағада сатылуда.
Сұранысқа ие бауырға арналған дәрілердің бірі 17 пайызға қымбаттапты. Жүрек ауруын емдейтін препарат бағасы 16,3 пайызға өскен. Ал, жұрт жиі қолданатын мұрын тамшысы былтырғыдан 11,8 пайызға қымбат саудалануда.
Экономистер фармацевтика нарығындағы қымбатшылықты бірінші кезекте пандемиямен байланыстырады. Өйткені сырқаттанып қалғандар көбейіп, сәйкесінше дәріхана клиенттері де артты. Ал сұраныстың өсуі бағаның көтерілуіне алып келген. Айналымдағы ақша массасының ұлғаюы, сондай-ақ теңге бағамы да дәрі-дәрмек бағасына кері әсер еткен.
Мақсат Халық, экономист:
- Бізде елімізде фармацевтикалық комапниялар болғанымен де, ол өзіміздің ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп тұрған жоқ. Бәрібір 80 пайыздан астам дәрі-дәрмекті біз шетелден импорттаймыз. Сондықтан да шетелден келетін дәрі-дәрмектердің бағасы курсқа да тікелей қатысы бар. Егер де теңгеміз әлсіреп жатса, олар доллармен келгендіктен бағасы да өсіп жатыр.
Тапқан табысы дәріден артылмай отырған тұрғындар жауаптылардың бағаны тезірек реттеп беруін сұрайды
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!