Ойнауға кеткен қос бүлдіршіннің денесі өзеннен табылды – Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысында қос бүлдіршін суға кетіп көз жұмды. Кешкісін ойнауға шыққан бес-алты жастағы балалар содан оралмаған. Оларды бүкіл ауыл тұрғындары, еріктілер мен тәртіп сақшылары алты сағат бойы іздеген. Түн ортасында бейкүнә балалардың денесі елдімекен іргесіндегі өзеннен табылды.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.05.2021
Қайғылы оқиға Ақтөбе іргесіндегі Бекқұл баба ауылында болған. Жылғыз ұлынан айрылған Әмина тұңғышын қайын сіңлісінің үйіне қонаққа жібергенін айтады. Бес жастағы ұлы ол жаққа барғысы келмепті.
Әмина, марқұмның анасы:
- Он екі жарымда шықты, мен жұмысқа бара жатқанда. Мен жіберіп едім. Үнемі ойнайды. Кешке жұмыстан келе жатқанда өзім барып баламды алып кетемін дедім. Кетіп бара жатқанда бетімнен сүйіп-сүйіп: «Мама, менің барғым келмей тұр» деп кетіп еді. Сезген ғой бір нәрсені.
Бес-алты жастағы қос бүлдіршін сол күні кешкі сағат алтыға дейін аулада ойнаған. Одан соң үлкендерге ескертпестен елдімекен іргесіндегі өзенге барыпты. Олардың жоғалып кеткенін тек бірер сағаттан соң ғана байқап, ересектер тәртіп сақшыларына хабарлаған. Оларды бүтін ауыл болып іздеген.
Орынбасар Бекжанов, мектеп директоры:
- Ата-аналар чатына жоғалып кеткен хабарлама келді. Содан мектеп ұжымы, ауыл болып іздестіру жүргізілді. Бала бес жастағы бала. Нағашы-жиен бе, ағайын-тумасы болып келеді. Екі бала . Содан іздеп, он екіге дейін тапты.
Құтқарушылар ең алдымен ауылды сүзіп шығып, одан соң ғана өзенді бойлай балаларды іздепті. Жаман Қарғалы өзенінің тұйықталатын тұсында олардың киімін тауып алған.
Нұрлыбек Айжарықов, Ақтөбе облысы ТЖД басқарма бастығы:
-Куәгерлер 2015 жылғы баланың денесін арғы бетте судың жағасына жақын жерден көрген. Ауыл тұрғындары сол жерде шығарып алған. Ал 2014 жылғы баланың денесі судың жағасынан үш метр қашықта, жеті метр тереңдіктен шығарып алды сүңгуірлермен. Балалардың киімі жағада болған.
Қос бүлдіршін дәл осы жерде суға кеткен. Жаман Қарғалы өзенінің қауіпті тұсы саналады. Себебі, тік жарқабатты, тереңдігі жеті-сегіз метрге дейін жетеді. Ал ауылмен арасы небәрі жүз метр.
Құтқарушылар балалардың бірнеше сағат бойы қараусыз қалғанын айтады. Өйткені тәртіп сақшыларына алғашқы қоңырау кеш қарайғанда түскен. Қазір суға кеткен қос бүлдіршіннің денесін туғандары Ойыл ауданына жеткізіп, жер қойнына табыстайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!