Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар жазаға тартылды
Сәтбаев қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар жазаға тартылды. Сот 55 айыпталушының тоғызын бас бостандығынан айырды. Олар енді үш жылын темір тордың ар жағында өткізеді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
14.05.2021
44 адам төрт жыл шартты жаза арқалады. Тағы екеуіне қатысты бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген. Оларға жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу, сондай-ақ, билік өкіліне күш қолдану баптарымен айып тағылған.
Былтыр шілдеде Сәтбаев қаласында бес жасар қыз жоғалып кетіп, оны бүкіл қала тұрғындары іздеген. Кейін бүлдіршін 62 жастағы ер адамның үйінен табылды. Қыздың денесінде жарақаттар болған. Осыдан соң ашуға мінген жұрт ер адамның пәтері орналасқан үйді қоршап, оны өз бетінше жазаламақ болды. Мұның арты жаппай бейберекетсіздікке ұласқан. Ақыры полиция бөлімшесінің ғимараты қиратылып, көліктері өртеліп, тәртіп сақшылары зардап шекті. Ал басты күдікті қазан айында тергеу изоляторында асылып қалған. Сонымен қатар қызды ұрлауға қатысы бар делінген ерлі-зайыптылардың ісі де қазір бөлек қарастырылып жатыр. Оларға екі бап бойынша айып тағылған. Ал қақтығысқа қатысқандар осыған дейін прокурормен процессуалды келісім жасапты. Келтірілген шығын көлемі де толық өтелген. Сондықтан сот мемлекеттік айыптаушы сұраған жазаны берді.
Динара Мутубаева, Қарағанды облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрайымы:
- 64 жәбірленуші, оның ішінде 14 тұлға, 50 полиция қызметкерлері. Жалпы келтірілген залал 25 миллион теңге. Материалдық залал толық өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!