Көмекке мұқтаж: Талдықорғандық бүлдіршіннің өмірі қыл үстінде
Бала еміне елден көмек керек. Талдықорғандық екі жарым жасар бүлдіршіннің өмірі қыл үстінде. Арқа жұлын бұлшықетінің атрофиясы деген сирек диагноз Қазақстан бойынша жеті балаға қойылса, соның бірі – Нұртас Ербол. Оның екі аяғынан тұрып жүріп кетуіне қажет иньекцияның құны 1 млрд. теңге.
Автор: Асқарбек Қазанғап
14.05.2021
Әзірге бар-жоғы 14 млн теңге жиналған. Баласының өмірі үшін жанұшырған ата-ананың соңғы үміті халықта.
Тәй-тәйлатуға күнде талмай талпынғанмен, Нұртас жүгіретін жасында жүре алмайды. Елгезек баланың санасы жақсы жетілген. Ата-анасы бір жасынан асқанда ғана ауруы барын аңғарған. Диагнозын жергілікті дәрігерлер дөп таппай, тоқ етерін алматылық мамандар айтыпты.
Гауһар Қыдырбекова, Нұртастың анасы:
- Бірінші тип балалар екі жасқа дейін ғана өмір сүреді. Екінші тип, бес жасқа дейін өмір сүреді. Өйткені еті күнделікті өліп отырады. Баланы тұрғызғанның өзінде аяққа нық тұрмайды. Жақсы еңбектейтін қазір еңбектей алмайды. Еңбектеп келе жатқанда қолы тайып кетіп, құлай береді.
Арқа жұлын бұлшықетінің атрофиясы сирек кездесетін дерт. Нұртас елдегі сондай аурумен туылған жеті бүлдіршіннің бірі. Асқындырмай, қазір емін алса кеш емес дейді дәрігерлер. Ал оған дауа болар АҚШ-та шығатын «Золгенсма» препаратының бір иньекциясының құны бір миллиард теңгеге жуық. Мейірімді жандардың көмегімен қазір 14 млн. теңге жиналды. Әлі 986 000 млн. теңге керек.
Гауһар Қыдырбекова, Нұртастың анасы:
- Халықтан сұрайтыным, баламның жағдайына байланысты қолдау көрсетсе деймін, ақшалай, қаржылай, ақпараттандыру жағынан, ұйымдастырушылық жағынан болсын. Қандай көмек болсын, қанша теңге болса да, сол маңызды.
Баласы үшін шүберек жанын қиюға әзір Гауһар Қыдырбекова ұлының өміріне араша болар дәріні салдыратынына сенгісі келеді. Көмек қолын созам дейтін қайырымды жандар төмендегі нөмірге хабарласа алады.
Байланыс телефоны: +7 771 405 64 78
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!