Аялдама жасөспірім қызды сабап кеткен мас қатындар іздестіріліп жатыр
Алматы облысында өрімдей қыздарды соққыға жыққан екі әйел іздестірілуде. Ащы суға сылқия тойған келіншектер кеше кешкісін көлікпен кетіп бара жатқанда аялдамада тұрған 16 жасар жасөспірімдердің қысқа көйлегіне шүйліккен.
Автор: Салтанат Шырынхан
14.05.2021
Өзіне сөз қайтарған жастарға жақындап келіп, төпелеп тастапты. Қазір полицейлер Камила Жанбекова мен құрбысын қанжоса еткен екі әйелді іздеп жатыр.
Екі келіншек жасөспірімді аялдамада соққыға жыққан. Кешкұрым уақытта қоғамдық көлік күткен қызға бас салғандар сол арада ізін суытқан. Тіпті оқиғаны көзбен көргендер көп болса да, ешкім араша түспеген.
Жанжал басталғанда айналада адам да, көлік те көп болған. Жағдайға куә болғандар масаң келіншектердің жастарға қол көтергенін растап отыр.
Любовь, Алматы облысының тұрғыны:
- Қызым дүкеннен келе жатып мына аялдамада екі қыздын отырғанын көріпті. Артынша кептелісте тұрған көліктердің бірінен қос әйел түсіп, қыздарға атыла жөнелген. Арты айқай-шуға ұласыпты. Өзі жақында ғана ауруханадан шыққандықтан, жанына жақындауға шамасы болмаған.
Қанжоса болған Камила Жанбекова Алматыдағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Айдын-күннің аманында таяқ жеймін деп ойламаған оның миына зақым келгені анықталды.
Алуа Жексенова, Алматы қаласы балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігер орынбасары:
- Түскендегі диагнозы: жабық ми жарақаты. Жыртылған, соғылған. Басы жарылған. Жаралары бар. Жалпы жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Қазір жағдайының тұрақтануына байланысты біздің әкімшілік пен психолог көмек көрсетіп жатыр.
Қазір Камила Жанбекованың анасы баласының аман қалғанына қуанады. Кінәлі екі әйелдің тез табылып, жазадан құтылып кетпеуін тілеп отыр.
Гүлмира Жанбекова, зардап шеккен қыздың анасы:
- Қазір барлық жастар киінетіндей қысқа белдемше киген қызыма тиіскен. Көліктің ішінде отырып өрімдей қызға аузына келгенін айтыпты. Артынша көліктен атып шығып,есінен танғанша ұра жөнелген. Қаптаған көлік ішінен біреуі болсын тоқтап, ажыратуға тырыспаған адамдардың болмағаны қынжылтады.
Қазір тергеушілер жасөспірімнен дәрігерлердің рұқсатынан кейін ғана жауап ала алады. Күдіктілер мінген такси арқылы мекенжайлары анықталған. Бұдан бөлек, екі келіншектің сол сәтте мас болғаны айтылуда.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Ересек әйелдер жасөспірімді соққыға жыққан. Бұл факті Іле ауданы полиция басқармасында тіркеліп, сол бойынша қазір жедел шара жүргізілуде. Күдікті екі әйел іздестіріліп жатыр.
Қазір полициядан бөлек, зардап шеккен қыздың ата-анасы да іздестіруге кірісіп кетті. Олар қандай да бір куәгерлердің табылатына үміттенді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!