Қоскөлдің қырылған балығын жұрт асына жаратып жатыр – СҚО
Қайраңда қалған қайран балық. Солтүстік Қазақстан облысындағы Қоскөл көлінде балық қырылып жатыр. Мұны көрген тұрғындар тор ұстап, таңнан кешке дейін көлшік торып жүр.Тіпті кәнігі балықшылар да қармағын тастап, қолмен ұстағанын қапқа салып әкетуде.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.05.2021
Бірақ тегін балыққа қарық болғандарға әзірге «қой» дейтін қожа жоқ. Өйткені күн ысыған сайын өлі жәндіктер шіріп, қолқаны жаруда. Сондықтан жекенің иелігіндегі кіші Қоскөлдің иелері шашылған балықты құрт жегенше, жұрт жесін деп рұқсат берген.
Мұнда шоршыған шортаны болмаса да, мөңкіген мөңке балық таусылар емес. Бүгін үшінші күн, қолына тор ұстаған жұрттың бәрі осында жүр. Сыртқа шығып қалған өлексе де жеткілікті. Оған қарап жатқан жан жоқ.
Бұл жерде көл жағалап азығын тауып жүрген ақ шағала ғана емес.Тегін балықты теріп алуға асыққан жан көп. Қоскөлге симай сыртқа шыққан су жәндігінде сан жоқ. Торлы қақпанға түспегенін, қолмен ұстап ақ шелегіне ытқытып жатыр. Бала-шаға да осында. Жекенің иелігіндегі көлге қармақ салу үшін 500 теңгеге талон алуың керек. Ал бұл көлшіктерде қол созым жердегі балықты сүзіп аласың да, шап беріп ұстап аласың да су тегін.
Манарбек Әбілке,Саумалкөл ауылының тұрғыны:
- Оны кімге аласыз?
- Үйге апарып пісіріп жеймін. Арғы күні келдім. Көп алдым.
- Не істедіңіз?
- Үйде тұздап, кептіріп қойдым. Тоңазытқышты тұр. Басқасын тұздап қойдым.
Балыққа қарқ болған жұрт жағалаудағы өлексеге де назар аударып жатқан жоқ. Көлшік те күн санап батпаққа айналып барады. Өткен жылы да Кіші Қоскөлде дәл осындай жағдай орын алған екен. Онда эколог мамандар сынама алып, суда күкірт сутегінің көп екенін анықтаған. Ал, бұл жолы Петропавлдан келген балық инспекциясының мамандары өлекселерді жинап әкетіпті. «Бірақ судан да, балықтан да сынама алған жоқ», - дейді көл қорықшысы.
Анатолий Хамитский, қорықшы:
- Балық инспекциясымен жағалауды толық қарап шықтық. Өлген балық көп емес. Судағы ірілеуін тұрғындардың жинап алуына рұқсат еттік. Сынама өткен жылы жасалған. Биыл комиссия келгенімен, сараптамаға сынама алған жоқ.
Жомарт Оразалин, Антоновка ауылы округінің әкімі:
- Біз халыққа тыйым сала алмаймыз, жинамаңдар деп айта алмаймыз.Балық инспекциясы келді. Осыдан үш-төрт күн бұрын келіп, біз көмек беріп, волонтерлармен балықты жинадық. Шамамен 300-400 килограммдай.
«Өлексе жинадық» деген әкім тегін балықты халықтың жинап алғаны дұрыс дейді. Өйткені құсқа жем болып күнде шашылған өлексе қалдығы экологияға зиян келтіреді. Ал адамның асына жарай ма, жоқ па, ол жағын тексеріп жатқан ешкім жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!