{metadescription}
Мальдив аралдарынан келген отандастарымыз  карантинге жатқызылады
Мальдив аралдарынан келген отандастарымыз  карантинге жатқызылады

Мальдив аралдарынан келген отандастарымыз карантинге жатқызылады

Демалыстың соңы карантинге ұласады. Мальдив аралдарына саяхаттап келген отандастарымыз екі апта үй карантиніне жатқызылады. Қазір коронавирус өршіп тұрған аралда мыңға тарта қазақстандық турист жүр. Олардың алғашқы легі бүгіннен бастап елге қайтарыла бастайды.

Бұл уақытқа дейін ведомствоаралық комиссия Мальдив аралдарына ұшатын әуе рейстерін тоқтату туралы шешім шығарған болатын. Індеттің өршуіне байланысты қазір Мальдив аралдарында коменданттық сағат енгізілген – сағат 16:00-ден бастап таңғы 4-ке дейін далаға шығуға рұқсат жоқ.

Әлемдегі ең көрікті аралға барып демалуды қалталы отандастарымыз қашаннан жақсы көреді. Қазір де құмы аппақ жағажайларда мыңға тарта қазақстандық демалып жатыр. Алайда қатаң карантинге байланысты олар қонақүйден басқа жерге шыға алмаған.

Жанбота Алтынтоғыс, турист:

- Комендант сағатына байланысты ешқайда шыға алмадық. Не дүкенге, не базарға барған жоқпыз. Демалысты тек қонақүйде өткізіп жатырмыз. Мұнда қауіпсіздік шаралары сақталған.

Қазір аралдағы эпидемиологиялық жағдай ушығып, бір күнде коронавируспен тіркелетін науқас саны 700-ге жеткен. Осыған байланысты еліміздің ведомствоаралық комиссиясы бұл бағыттағы әуе рейстерін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған. Осылайша бүгіннен бастап Қазақстаннан Мальдив аралдарына ұшақ қатынамайды.

Тілек Әбдірақымов, Air astana  әуе компаниясының өкілі:

Air аstana Үкімет шектеулеріне байланысты мамырдың соңына дейін Мальдив аралдарына рейстерді тоқтатты. 17, 19, 24 мамырда Мальдив аралдарындағы қазақстандықтарды шығаруға репатриациялық рейс орындайды.

Ал елге қайтарылатын жолаушыларды карантин күтіп тұр. Олардың тесті теріс нәтиже көрсетсе де, тіпті вакцина салдырған болса да екі апта үйінен  шықпауы керек. Осы уақыт аралығында туристердің жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстайды. Ал билет алып қойғандар ақшасын толық қайтара алады. Болмаса, ұшу уақытын кейінге ауыстыра алады. Тығырыққа тірелген туроператорлар жұртқа басқа бағыттарды ұсынып отыр.

Инна Рей, Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті:

Қазір туристер ұнататын бағыттар жабық тұр. Десе де Мәскеуге, Санкт-Петербургке баруға болады. Украинаға саяхаттайтындар да көбейді. Осы кезде сұранысы артатын Анталияға чартерлік бағдарлама басталған жоқ. Бірақ маусымның басында Түркияға туристерді жіберуге мүмкіндік туады деп сенеміз.

Дәрігерлер коронавирус қаупі жойылмағанын тағы бір еске салады. Қайда қыдырып барсақ та, қауіпсіздік ережесін ұмытпаған жөн. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде