COVID-19: 820 науқастың жағдайы ауыр
Елімізде COVID-19 вирусын жұқтырған 820 науқастың жағдайы ауыр. Олардың 185-і ауыр халде жатыр. Айналдырған бір күн ішінде індетті Қазақстанда екі мыңнан аса адам жұқтырған. Қауіптің күшеюіне байланысты Шымкент қаласы мен Атырау облысы «қызыл» аймаққа ауысса, ал Маңғыстау өлкесі каран шектеулерін жеңілдетіп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.05.2021
Қарағанды облысында қауіпті індет өршіп тұр. Мұндағы вирус жұқтырғандарды тіркеу көрсеткіші бір жарым айдан бері 200 науқастан төмен түскен емес. Соңғы тәулікте тіпті 346 адамнан Covid-19 анықталды.
Айгүл Шатекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Мамыр айында ауру сәуір айының осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе өскен. Эпидемиялогия мониторингіне сәйкес, жалпы облыста өткен аптаны алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылар саны 23,3 пайызға өсіп отыр. Ауру барлық қала, ауданда тіркеліп жатыр.
Шымкент қаласы мен Атырау облысы қайта қызыл аймақтың қатарына кірді. Бірақ санитарлық дәрігерлер жаңа қаулы шығаруға асығар емес. Әлі бір апта індеттің тарау деңгейін бақыламақшы.
Айнагүл Сәрсенғалиева, Атырау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Бұл аймаққа кіру себебіміз: халық арасында аурудың көбею индексі өсті. Жалпы нормада бұл көрсеткіш бірден төмен болу қажет болса, кеше 16-сы күні аурулар саны бірден көтерілді.
Ақтөбенің санитар мамандары шектеуге қатысты қаулы қабылдауға бас қатырып отыр. Өйткені аймақтағы індет тарау көрсеткіші күнара құбылып тұр. Кеше ғана «қызыл» аймаққа ауысқан еді, бүгін «сары» деңгейге ойысты. Дегенмен індеттің беті қайтпады. Кесел жұқтырған 51 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысысанитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бағдарламаға сәйкес 16-мамырда «қызыл» аймақта болды. 16 мамыр күні Ақтөбе облысы бойынша 50 жағдай тіркелді. Енді қайтадан «сары» аймаққа ауыстық. Аурушаңдық облыс бойынша, республика бойынша құбылмалы.
Маңғыстау облысында соңғы тәулікте тек екі адамнан вирус табылды. Індеттің таралуы тоқтағанына мұндағы мамандар да қуанып отыр. Аймақтағы біраз шектеу жойылды. Осы күнге дейін демалыс күндері есігіне құлып салынатын базарлар енді ашық болады. Мешіттерде жамағатты қабылдап, мәдениет ошақтары мен тамақтану орындарына келушілер елу адамнан аспауы тиіс.
Мадина Рахметова, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің бас маманы:
- Қазіргі толымдылығы елу пайыз, бірақ елу адамнан асырмай мейрамхана, кафелерде іс-шара жүргізуге рұқсат етілді. Қазір қаулыға сәйкес спорттық шара, фитнес клубтарға рұқсат етілді.
Бір тәулікте елде қауіпті індетпен 2089 адам тіркелді. Науқастардың 820-ның жағдайы ауыр. Қазір қауіптің «қызыл» деңгейінде 3 қала мен 4 облыс тұр. «Сары» аймақта үш облыс. Қалғаны – «жасыл». Осы күнге дейін 360 193 отандасымыз коронавирус жұқтырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!