«Бала дауысы» ән байқауының іріктеу кезеңі аяқталды
Алматыда «Бала дауысы» ән байқауының іріктеу кезеңі аяқталды. Ұлттық ән сайысының онлайн өткізілген кезеңінде ниет білдірген өрендер видеоға жанды дауыспен ән айтып, оны байқаудың ресми сайтына жіберген.
Автор: Мақсат Мәлік
17.05.2021
8-12 жас аралығындағы балалар сынға түсетін жобаға биыл 5 мың 583 өтінім беріліпті. Финалға өтетін 17 үміткердің есімі үш күннен кейін анықталса, ақтық кезең қазан айында өтеді.
Талай дарын бақ сынап жатқан «Бала дауысы» ән байқауының іріктеу кезеңі наурыз айының соңында басталып, мамырдың 15-не дейін жалғасқан. Ұлттық ән сайысының онлайн түрдегі бұл бөлігінде өнерлі өрендер жанды дауыста ән айтқан сәтін бейнеге түсіріп, байқаудың ресми сайтына жолдаған.
Биыл 6-шы рет шымылдығы ашылған байқауда 8-12 жас аралығындағы жеткіншектер өнерін ортаға салуда. Елдегі танымал жобаға қатысушылардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, қысқа уақытта 5 мың 583 өтініш келіп түскен. Ал қазылар алқасы әр баланың ән айту мәнері мен әртістік қабілетін, талапқа сай өзге қырын жіті бақылап, баға береді.
Ерден Жақсыбаев, қазылар мүшесі:
- Әр адам өзінше тұлға. Бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты балалардың талғамы қызықтырып жатыр. Таң қалдырды. Атап өтетін ерекшеліктері: қазіргі балалар еркін, өзіне сенімді. Ол сахнада, өнерде өте маңызды нәрсе.
Байқауда Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары белсенді. Финалға өтетін 17 үміткердің есімі 20-мамырда анықталып, байқаудың ресми сайтында жарияланады. Одан соң іріктеу сәтінен сүрінбей өткендер арнайы мамандардан сабақ алып, үлкен сахнаға кәсіби даярлықтан өтеді.
Толғанай Хасен, «Бала даусы» ән байқауының үйлестірушісі:
- 17 баланы таңдап, шілде айында Алматы қаласына келеді. Осында вокал, хореография, актерлік шеберлік сабақтарынан өтіп, қазан айында өтетін байқаудың финалына дайындалады.
Мыңдаған баланы өнер әлеміне ынтықтырған жобаның финалдық концерті 7 және 9 қазан күндері Нұр-Сұлтанда өтеді. Тіпті бірінші финал концертінде балалар музыкалық бэндттың сүймелдеуімен өнер көрсетеді. Іріктеу кезеңінде балалардың өнеріне тәнті болған мамандар әр жеткіншек жеңіске лайықты дейді.
«Бала дауысы» ән байқауын Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры, мәдениет және спорт министрлігі, Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!