Ақтөбеде бала қауіпсіздігін қорғау үшін аттылы жасақ өзен күзетіп жүр
Ақтөбеде таң атқаннан қас қарайғанша аттылы жасақ өзен бойын күзетуге мәжбүр. Өйткені айналдырған бір апта ішінде онға толмаған үш бала суға кетіп қайтыс болды.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.05.2021
Жақында ғана Бекқұл баба ауылында қараусыз қалған қос бүлдіршіннің мәйітін құтқарушылар тоғанның жеті метр тереңдігінен тапты. Ал күні кеше су жағасында ойнап жүрген 10 жастағы бала доп қуалаймын деп өзенге құлаған. Дәл ұйымаға тап болған оқушыны су тартып әкеткен. Оқыс оқиғаларды болдырмау үшін су жағасын бақылауды аттылы жасаққа жүктеді. Олар күндізгі сағат оннан бастап күн ұясына батқанша жағалауды аттан түспей аралап жүруі тиіс. Ересектердің бақылауынсыз жүрген балаларды өзенге жолатпауға мектеп мұғалімдері де көмек беретін болады.
Ардана Сейітмағанбетов, Ақтөбе облысы жергілікті полиция қызметінің бастығы:
- Өзен жағасынан балаларды көріп қалса, біздің нұсқаулық бойынша бойынша анықтаймыз. Қай жерден, жасы нешеде? Арасында біздің инспекторлар бар. Олар мектеп директорын, ата-анасын табады. Үйіне дейін апарып тапсырады. Қараусыз қалдырған ата-анаға әкімшілік шара қолдануға дейін барады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!