Алматыда көпқабатты үй өртенді – Балконда сіріңкемен ойнаған...
Алматыда көпқабатты үй отқа оранды. Үшінші қабаттағы пәтердің балконынан тұтанған тілсіз жау барлық подьездің шатырын шарпыды. Өрт сөндірушілер 300 шаршы метрге жайылған жалынмен жарты сағаттан аса арпалысқан.
Автор: Салтанат Шырынхан
18.05.2021
Үйі отқа оранған тұрғындар өртке көршісін кінәлап отыр. Өрт тұтанған үйдің балалары сол уақытта балконда сіріңкемен ойнаған көрінеді.
Түн жарымда балконнан шыққан алапат өрт үш қабатты тұрғын үйдiң барлық подьезінің шатырына дейін тараған. Қою түтінді байқаған көршілер бір-біріне хабар беріп дереу далаға шығыпты. Ал іште қалған 20 адамды өрт сөндірушілер құтқарды. Оның жетеуі – балалар.
Гүлдана Нұрымбетова, Алматы қаласы ТЖД баспасөз хатшысы:
- Атқарылған шараның арқасында 37 минутта оқшауланып, түнгі 11 сағат 56 минутта толық сөндірілді. Өрт сөндіруге департаменттің жеке құрамынан 74 адам, 21 бірлік техника, өрт автобаспалдағы қолданылды.
Подъездің үшінші қабатындағы пәтерлер адам тұруға қазір жарамсыз күйде. Әп-сәтте күш алған қызыл жалын жанындағы өзге тұрғындардын да баспанасын зақымдаған. Енді үй иелері өрттен бүтін қалған заттарын жинап, туыстарын уақытша паналауға мәжбүр.
Абырой болғанда қызыл жалыннан зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ. Қазір өрт шыққан пәтердің иелері де басқа жаққа көшірілген. Көршілердің айтуынша, онда кішкентай балалары бар жас отбасы тұратын көрінеді. Тұрғындар қанша жыл жиған дүние-мүлкінің күлге айналғанына қапалы. Тіпті кейбірінің бұл жағдайдан соң денсаулығы нашарлаған.
Ольга Бекетованың қарт анасы мысығын құтқара алмай, ол жанымды жегідей жеді дейді.
Ольга Бекетова, Алматы тұрғыны:
- Анам екінші подьезде тұрады. Өрт басталғанда залда теледидар қарап отырған. Көршілер есік қағып құжатын алып тез арада шығуын ескертіпті. 76 жастағы зейнеткер баспалдақтан әзер түскен. Өмірінің жартысынан көбі осы үйде өтті. Осы жағдайдан соң ауырып жатыр. Енді үйімізді қайта қалпына келтіріп беруін сұраймыз.
Өрттің шығуының нақты себебін тексеріп жатыр. Қазір жұрттың баспанасына қаншалықты шығын келгенін арнайы комиссия есептеуде. Аудан әкімдігі штаб құрып, далада қалғандарға көмек көрсетудің жолын қарастырылып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!