Сарапшылар автобус жолағына қатысты бастамаға қарсы шықты
Сарапшылар елімізде автобус жолағымен басқа көліктердің жүруіне рұқсат беретін бастамаға қарсы шықты. Олар мұндай өзгеріс көлік кептелісін ушықтырып, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктерінің қозғалысына кедергі келтіреді деген пікірде.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.05.2021
Ал қазақстандық жүргізушілер жол ережелеріне енгізілуі мүмкін түзетуді бірден қолдай кетті.
Автобус жолағына қатысты үкімет қаулысы жария түрде талқылауға кеше шығарылған.
Елімізде автобустар жолағына қатысты үкімет қаулысы кешелі бері қызу талқыланып жатыр. Тәуелсіз сарапшылар бұл бастамаға бірден қарсы шықты. Олар мұндай өзгеріс қаладағы қозғалысты қиындатып, ереже күішне енген алғашқы айларда жол апаты жиілейді деген пікірде. Көлік саласының мамандары жолға қатысты өзгеріс енгізбес бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн дейді.
Роман Барабанов, көлік саласының маманы:
- Менің ойымша, бұл түзету кептелістен көз ашпайтын қаланың қозғалысын одан әрі қиындатады. Автобуспен қатынайтын тұрғындар бұрынғы кедергілерге қайта тап болады. Жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер де діттеген жеріне жете алмай қиналады. Жоба іске қосылған алғашқы айларда дүрбелең басталады. Өзгеріс енгізу оңай. Бірақ оның пайдасынан зияны көп болатыныны сөзсіз.
Автобустардан бөлек арнайы жолақпен шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктеріне жүру рұқсат етілген. Жаңа бастама олардың көңілінен шықпады.
Жанарбек Әділбаев, Алматы қаласы жедел жәрдем станциясының қауіпсіздік қызметінің жетекшісі:
- Біз қаншалықты ауырып жатқан адамға тез жетеміз, соншалықты оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік көп. Жедел жәрдемге әр минут қымбат. Түрлі ауру бар. Қала болса үлкен. Ал арнайы жолақта өзге көліктер жүрсе бізге тіптен қиын болады.
Қоғамдық көлік кедергісіз жүретін жолақ алғаш рет Алматы қаласында төрт жыл бұрын пайда болған. «Жүрдек автобустар тасымалы» деп аталатын жобаға қала қазынасынан миллиардтаған қаржы бөлініп, шаһар билігі қоғамдық көлікке басымдық бердік деп мақтанғанеді. Сол уақытта «қозғалыс қиындады» деп наразылық білдірген жүргізушілер жаңа өзгерістің артықшылығын жіпке тізіп шыға келді.
Болатқажығапар Байбол, көлік жүргізушісі:
- Осындай өзгеріске келісемін, жақсы өзгеріс. Мысалы, Тимирязев көшесімен бір кеңсеге барсаң сағаттан тұрасың. Автобус жолағы бос тұрады. Бұл өзгеріс кептелісті азайтады. Жүргізушілерге өте ыңғайлы болады.
Жол ережесіне енгізілген түзетуде автобус жолағымен жеңіл көлік иесіне таңғы 7:30 бен 9:30 аралығында және 17:00-ден 20:00-ге дейін жүруге тыйым салынған. Осы орайда жұртты «Сергек» бақылау камерасы қалай жұмыс істейді деген сауал мазалайды.
Қанат Шоманов, көлік жүргізушісі:
- Мынандай сұрақтар туындайды. Белгіленген нақты сағатта түсіріле ме? Жолақпен 9:35 жүріп, олардың сағаты 9.00 болса не істейміз? Дау туындауы мүмкін. Мынандай уақытта ешкім соттасып жүрмейді. Уақыт қымбат қой.
Елімізде автобус жолағы тек Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана бар. Осы екі шаһарда көліктен гөрі діттеген жеріне қоғамдық көлікпен қатынайтындардың үлесі басым. Сондықтан жаңа өзгерісті көпшілік қолдамайды. Тіпті аталған бастама мақұлданса, қоғам белсенділері мен сарапшылар мемлекет басшысына петиция жолдауға дайын.
Жол ережесіне енгізілетін түзетуді жария түрде талқылау мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!